Туризмді қалпына келтіруде Еуропа мен Америка көш бастап тұр
Туризмді қалпына келтіруде Еуропа мен Америка көш бастап тұр
Күрделі геосаяси және экономикалық жағдайда да адамдар саяхаттаудан бас тартпайды. Дүниежүзілік туристік ұйым (ЮНВТО) пандемияға байланысты шектеулер жойылғаннан кейін саланың айтарлықтай қалпына келгенін хабарлайды. Бұл туралы ҚазАқпарат БҰҰ жаңалықтар орталығына сілтеме жасап хабарлайды. 2022 жылдың алғашқы бес айында 250 миллион шетелдік турист халықаралық шекараны кесіп өтті. Өткен жылы осы аралықта небәрі 77 миллион адам шетелге шыққан. ЮНВТО баяндамасында сектор біртіндеп қалпына келіп, пандемияға дейінгі деңгейге қайта оралып жатқаны аталды. Үстіміздегі жылдың алғашқы бес айында әлемнің барлық аймақтарына келетін халықаралық туристер санының күрт өскені байқалады. «Туризмді қалпына келтіру әлемнің көптеген елдерінде, қиындықтарға қарамастан, қарқын алуда», - деді ЮНВТО Бас хатшысы Зураб Пололикашвили. Алайда ол экономикалық және геосаяси мәселелер әлі де туризмнің дамуына әсер етуі мүмкін деп алаңдайды. Еуропа 2021 жылдың алғашқы бес айымен салыстырғанда төрт есе көп халықаралық туристерді қабылдады, көрсеткіш 350%-ға өсті. Бұған аймақішілік сұраныстың күшті болуы және елдер санының артуы бойынша саяхатқа барлық шектеулердің алынып тасталуы ықпал етті. Америкаға келушілер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе өсті. Жалпы, екі аймаққа да туристердің келуі 2019 жылғы деңгейден сәйкесінше 36% және 40% төмен. Туристік шығындар мен туристерді қабылдаушы елдердің кірісі де артып келеді. Франция, Германия, Италия және Америка Құрама Штаттарынан келген туристердің халықаралық шығындары пандемияға дейін жұмсаған қаражаттың 70% және 85% құрайды. Ал Үндістан, Сауд Арабиясы және Катардан келген туристердің шығыны 2019 жылдың деңгейінен асып түсті. Молдова Республикасы, Сербия, Сейшел аралдары, Румыния, Солтүстік Македония, Сент-Люсия, Босния және Герцеговина, Албания, Пәкістан, Судан, Түркия, Бангладеш, Сальвадор, Мексика, Хорватия және Португалия сияқты елдердің халықаралық туризмнен түсетін кірісі пандемияға дейінгі қалпына келді.