Жастар Қазақстанның кез келген өңірінен жұмыс таба алады – Еңбек министрі
Жастар Қазақстанның кез келген өңірінен жұмыс таба алады – Еңбек министрі
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Солтүстік Қазақстан облысына сапары барысында белсенді жастармен, еріктілермен, жастар ресурстық орталықтары және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті. Министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жас мамандарды жұмыспен қамту және өзге де қолдау шаралары жөнінде айтып берді. Тамара Дүйсенова өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында жастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. «Ұлттық жобалар мен бизнестің жеке бастамалары шеңберінде құрылатын барлық жұмыс орындары Электрондық еңбек биржасында орналастырылады. Бұл платформа бос жұмыс орындарын іздеудің де, қызметкерлерді іздеудің де бірыңғай алаңына айналады. Қазір Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілерден 122 мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылды, 151 мың жас жұмыс іздеп өз түйіндемелерін орналастырды», – деп хабарлады Тамара Дүйсенова. Министр жастарды ірі өндірістік кәсіпорындарға жұмысқа орналастыру жобасы жұмыспен қамтуға бағытталған тағы бір маңызды шара екенін айтты. Оған бірінші болып ERG компаниялар тобы қосылды, ол Электрондық еңбек биржасында бос орындар тізімін ұсынды. Осылайша, 200-ден астам жас маман жұмысқа орналастырылды. Жақын болашақта басқа компаниялардан бос жұмыс орындары қолжетімді болады. «Өткен айда Электрондық еңбек биржасында біз Қазақстандағы алғашқы онлайн еңбек жәрмеңкесін өткіздік. Іс-шара 35 жасқа дейінгі жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталды. Жәрмеңкеге 23 ірі компания, банктер мен сауда желілері қатысып, 1330 бос жұмыс орнын ұсынды. 3,5 мың түйіндеме келіп түсті, жұмыс берушілер қазіргі уақытта таңдалған кандидаттарға одан әрі бағалау жүргізуде. Мұндай жәрмеңкелер тұрақты негізде өткізіледі», – деді Тамара Дүйсенова. Министр Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыс тауып қана қоймай, таңдалған бағыт бойынша онлайн курстардан өтіп, жаңа кәсіби дағдыларға үйренуге болатынын атап өтті. «Сіздер жастар арасында сұранысқа ие дағдылар бойынша курстардың авторы бола аласыздар. Оларды Электрондық еңбек биржасында тегін орналастыра аласыз, ал болашақта ақылы негізде ең танымал курстар бойынша оқуды жалғастыра отырып, одан ақша таба аласыз», – деп толықтырды Тамара Дүйсенова. Министр сондай-ақ жастарды іске асырылып жатқан ұлттық жобалар шеңберінде жұмысқа орналасуға белсенді қатысуға шақырды. Сонымен қатар, ол жастардың Қазақстанның кез келген өңірінен жұмыс таба алатынын атап өтті. Сөзінің соңында Тамара Дүйсенова еңбек нарығында ең үлкен қиындықтарға тап болған жастар жұмыс орындарын субсидиялау бойынша ЖОО мен колледж түлектеріне арналған Жастар практикасы, білімі мен жұмыс тәжірибесі жоқ жастарға арналған «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатыса алатынын атап өтті.