Жаңалықтар

«Малдир емес Мөлдір». Орыс жігіті қазақ әріптерін бұрмалайтындарды сынға алды

«Малдир емес Мөлдір». Орыс жігіті қазақ әріптерін бұрмалайтындарды сынға алды

Глеб Пономарев есімді Facebook қолданушысы қазақ тілінде сауатты сөйлеу туралы жазбасымен орыстілді қазақтарды ұялтты, деп хабарлайды Baq-orda, Экспресс К сайтына сілтеме жасап. Ол өзінің қазақша сөйлей алмайтынын, бірақ әрбір сөзді, әсіресе, адам аттарын қатесіз дыбыстауға тырысатынын айтады. Оған көпшіліктің орыс тілінде бар әріпті қасақана бұрмалап сөйлеуі ұнамайды екен. «Көршілес үстелде отырған қыз:«Малдир, Малдииир!» — деп айқайлады.«Мал немене?» — деп біраз ойланып қалдым. Сөйтсем, ол Мөлдір атты құрбысын шақырып жатыр екен. Өзімнің фонетиканы ескеріп, барлық қазақы есімдер мен атауларды дұрыс, анық айтуды қолға алғаныма бірнеше жыл болды. Орыстілділерге Мөлдір шынымен қиын шығар. Бірақ оны тым болмаса түпнұсқаға жақындатып,«Мольдэр» десе,» Малирден» әлдеқайда жақсы ғой. Ә, Ң әріптерін айтуды да үйрену керек. Негізі, бұл екі дыбыс ағылшын тілінде де бар ғой», — дейді ол. Глеб кейбір әріптерді бұрып айту салдарынан қазақ сөздерінің мағыналары өзгеріп кететінін де дәлелімен жазған. «Біз қазақ тіліндегі О әрпін А деп қате айтамыз. Кесірінен Олжас, Ораз, Шолпан деген аттардың орнына Алжас, Араз, Шалпан дейтін «жаңа» есімдер пайда болады. Бұдан да сорақы жағдайлар кездеседі. Мысалы, бір танысымның Оңалбек атты қызметкері болды. Оны кейбір орыстілді әріптестерінің қалай атағанын сезіп те отырған шығарсыздар. Мұның сыртында, Оспан есімі Аспан, Ораз аты Араз болып,«оңай» деген сөз «анай» болып, мәні өзгеріп кетеді. Бұл мәселені шешу оп-оңай. О әрпін О деп қана айту керек», — дейді Глеб Пономарев. Ол орыстілді қауымды қазақша сөйлей алмаса да жекелеген сөздерді дұрыс атап үйренуге шақырады.«Бұл сөздің қатесіз айтылуына себепші болып қана қоймай, тілдің көркемдігін де көрсетеді» — деп ой түйіндейді Глеб.