Жаңалықтар

Әлемді жайлаған соғысты көре тұра өз сезімімді әнмен жеткізгім келді – Димаш Құдайберген

Әлемді жайлаған соғысты көре тұра өз сезімімді әнмен жеткізгім келді – Димаш Құдайберген

Мен үшін адамның қандай ұлттан екені маңызды емес. Бәріміз бір құдайдың баласымыз. Үндістандағы кинофестивальден кейін тыңдармандары мен БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берген әнші Димаш Құдайберген осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Бақ-орда ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап. Баспасөз конференциясында жанкүйерлері Димаш Құдайбергенге «Ән арқылы халыққа қандай да бір ойды жеткізуге болатынына сенесіз бе?» деген сауал қойды. «Осыдан үш жыл бұрын, сол 25 шамасында «Бір аспан тағдыры» деп аталатын шығарма жағзан болатынмын. Бұл жоба арқылы әлемде болып жатқан көп соғысты көре тұра соған қатысты өз сезімімді жеткізгім келді. Әлемде бір-бірімізге құрмет көрсетудің қаншалықты маңызды екенін, бір-бірімізді қалай сүю керектігін көрсетуіміз керек. Журналистер менен соғыс туралы көзқарасымды жиі сұрайды. Мен үшін жаман ұлт жоқ. Маған адамның қазақ, үндіс, америкалық, қытай, украин, француз, өзбек, қырғыз немесе орыс ұлтынан екені маңызды емес. Біз бәріміз бір құдайдың баласымыз. Сондықтан 25 жасымда осындай жоба жасадым», - деп жауап берді Димаш Құдайберген. Сонымен қатар, конференцияға қатысушылар өнер иесінен қайдан шабыт алатынын сұрады. Димаш Құдайберген бұл құбылыстың тылсым екенін мәлім етті. «Мына әлемде болатын құбылыстың бәрі жаратқан иемізден. Біздің талантымыз бен дарынымыз бізге тиесілі емес, құдайға тиесілі. Ән немесе сценарий жазған кезде шабыт қайдан келетінін әлі күнге түсіне алмай келемін. Оны мен дөп басып, осындай сәтте, осындай көңіл-күйде ғана келеді десем, өтірік болады. Тылсым, өз басым түсінбеймін», - деп түйіндеді отандық әнші. Еске салай кетейік, кеше әлемдік деңгейдегі әнші Димаш Құдайберген Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер кинофестиваліне қатысу үшін Үндістанға сапармен барғанын хабарлап едік. Аталған кинофестиваль Мумбаи қаласында 27 қаңтарда басталып, 31 қаңтарға дейін жалғасады. Кинофестиваль барысында ШЫҰ елдерінен 57 фильм ұсынылады. Димаш Құдайберген онда Қазақстан атынан қазылар алқасының құрамында болады.