БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

"Мұғалім мәртебесінің артқандығы жұмысымдағы болып жатқан  өзгерістерден  сезілуде" - Раушан Бәкірқызы

"Мұғалім мәртебесінің артқандығы жұмысымдағы болып жатқан  өзгерістерден  сезілуде" - Раушан Бәкірқызы
caption
"Мұғалім мәртебесінің артқандығы жұмысымдағы болып жатқан  өзгерістерден  сезілуде" - Раушан Бәкірқызы
«Мұғалім – мектептің жүрегі». Ұстаз әр адамның өмірінде, балалық жүрегінде мәңгі есте қалады. Жаңа заман талабы мұғалімдерге зор міндет артты. Ұрпақ тәрбиелеуде жәй ғана пән мұғалімі болып қалу емес, оның болашақ тағдырына жол көрсетуші, бағыт беруші тұлғаға айналуы керегін уақыттың өзі дәлелдеуде. Осы орайда біз, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Абуева Раушан Бәкірқызымен әңгімелескен едік.  
  • Білім саласының сарапшылары: «мұғалімдік мамандықты көпшілігі жоғары оқу орындарында мемлекеттік грант көп бөлінетіндіктен, еріксіз таңдайды. Кейін олардан білікті педагог шықпайды» деп жатады. Ал сіз бұл мамандыққа қалай келдіңіз? Ұстаз болу бала күнгі арманыңыз ба еді?
     Білім саласының сарапшыларының пікірі бүгінгі шындық. Мұғалім мамандығын жүректері қаламаса да жоғары оқу орындарында мемлекеттік грант көп бөлінгендіктен еріксіз таңдап оқып жатқандар, оқып келіп мұғалім болып жүргендер де аз емес. Мамандық таңдау – тек оқу мен диплом алу ғана емес, бұл – өз өмір жолыңды дұрыс таңдау. Сондықтан болашаққа қадам басар кезде талапкердің де, ата-ананың да дұрыс шешім қабылдағаны абзал. ЖОО бітірген кейбір жастарымыздың өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға қызығушылық танытпауының өзі сондықтан. Білікті маман болу үшін алдымен өз ісіне деген махаббат қажет, яғни жүрек қалауы болуы қажет. Махаббат бар жерде ізденіс, даму, жетістік бар. Ол өзі таңдаған мамандығын жақсы көріп, сол саланың мақтанышына айнала алады. Өзіме келер болсам, мектеп қабырғасында жүргенде қазақ тілі мен қазақ әдебиет пәніне деген құштарлығымды оятқан ұстазым Зәуірбекова Зейнекүл апайым болды. Ана тілінің құдіреті мен тереңде тұнып жатқан сөз маржандарын тере білуге, сауатты болуға үйретті.  Бала күнгі арманым алға жетелеп, мұғалім болуды мақсат етіп,  соған жетуге талпындым. 1981 жылы арман қуып, Алматы қаласындағы (КазГу) қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түстім. Универстиетте оқып жүргенде де ұстаздардың ұлысы Зейнолла Қабдолов бастаған ғалымдар тобы мен мүйізі қарағайдай академик, прфессорлардан сабақ алып, білімімді шыңдай түстім. Арманым орындалып, бүгінде ұлағатты ұстазбын.
 
  • «Педагог мәртебесі» туралы  заң қабылданғалы бері аз уақыт өткен жоқ, жұмысыңызда өзгерістер болды ма? Мәртебеңіздің артқанын сезіндіңіз бе?
   Мұғалімнің мәртебесі қай мемлекетте, қашан да жоғары болуы керек. Қазіргі таңда мұғалімнің мәртебесіне ­рухани жағынан, заң жүзінде де ерекше көңіл бөлінуде.  Әрі мұғалімге жүктелген талап та жоғары. Өскелең ұрпақты тәрбиелеп, білім беретін маманға өркениетті елдер аса құрметпен қарайтыны белгілі.  Мұғалім мәртебесінің артқандығы жұмысымдағы болып жатқан  өзгерістерден  сезілуде. Атап айтар болсам, бұрынғы қағазбастылық азайды.  Біраз мұғалімдердің магистр дәрежесі бар болса да, онша еленбейтін. Қазір магистр дәрежесі бар ұстаздар 27 мың көлемінде жаңа үстемақы алып жатыр. Заңға сәйкес педагогтің аса үздік жетістіктері, еңбегі үшін біраз мұғалімдерге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді. Сонымен қатар  жыл сайын Республикалық бюджеттен «Үздік педагог» атағын иеленушіге мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы тағайындалып отыр. Осы байқауға мен де қатысып, «Үздік педагог - 2022» атағының иегері атандым. Республикалық байқаудың  облыстық кезеңінде 2-ші орын алып,  918 900 тг сыйақы алдым.   Сондай-ақ, көптеген халықаралық байқаулардың, түрлі олимпиадалар мен жарыстардың жеңімпаздарын дайындаған педагогтердің еңбегі еленіп жатыр. Мәртебенің артқаны осы емес пе?!
  • Мәртебенің маңызды құрамдасының бірі – жалақы. Бүгінгі педагог мамандарының жалақысы қандай?
Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орны мұғалімдікі» деуі уақыт өзегімен жылжыса да , өз құндылығын жоғалтпай келеді. Сондықтан ұрпақтың білімді, саналы болып қалыптасуы жолында тер төгетін мұғалімнің дәрежесі мен жалақысы көтеріліп,  мәртебесі биік болуы керек. Осыны ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойған болатын. Сөйтіп мектеп мұғалімдерінің ғана емес, жоғары оқу орында сабақ беретін ұстаздардың да айлығы артты. Сонымен қатар мұғалімдер жалақысы білім дәрежесі, жұмыс өтілі, біліктілігі мен орындайтын жұмыс көлеміне байланысты. 2020 жылдан бастап педагогтердің жалақысы әр жылдың қаңтар айынан 25%-ға көтерілуде.  Біліктілігін дәлелдеп, аттестациядан өткен барлық педагогке педагогикалық шеберлігі үшін 30-50 пайыз арасында қосымша ақы төленіп жатыр. Нақтырақ  айтқанда педагог шебер біліктілігі бар ұстаздарға лауазымдық жалақының 50 пайызы, педагог зерттеуші санаты үшін 40 пайыз, педагог сарапшы санаты үшін лауазымдық жалақының 35 пайызы және педагог модератор санаты үшін 30 пайызы мөлшерінде қосымша ақы төленіп отыр.
  • Ұстаздар білімін жетілдіру жағы қалай болып жатыр? Ол да мемлекет есебінен жүргізіле ме?
   Қазақстан Республикасында 2012 жылдан бастап заманға сай ұрпақты тәрбиелеуде «Қазақстан Республикасы педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары аясында мұғалімдердің біліктілік арттыру жүйесі жаңа мазмұндағы үш деңгейлі бағдарлама енгізіліп, шығармашыл мұғалімдердің біліктілігін арттыра бастады. Жаңа форматтағы  «Назарбаев зияткерлік мектебі» жанындағы Педагогикалық шеберлік орталығы мен Кембридж университеті мамандары бірлесе әзірлеген мұғалімдердің біліктілігін арттырудың деңгейлік бағдарламалары ұстаздардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып,  оқыту сапасын дамыту мақсатында білімін көтеріп отыр. Сонымен бірге  «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы да мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында біліктілікті арттыру курстарынан өткізіп, ұстаздардың білімін жетілдіруге үлес қосуда.  Курстан өткен мұғалімдердің жалақысы сақталады. Деңгейлік курстан өткен мұғалімдерге 5 жыл үстеме ақы төленді. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша да курстан өткендерге қосымша ақы төленіп отыр.
 
  • Қазіргі технологияның дамыған заманында ұстаздық ету оңай ма, әлде қиын ба?
  Барлық мамандықтың өзіндік ауыртпашылығы бар екені рас, бірақ мұғалім болу бәрінен де қиын. Өйткені ол адам тағдырына жауапты. Кез келген адам балаң ойдың желкенін көтерген сәтінен бастап өзінің бүкіл саналы ғұмырының негізін мектепте қалайды. Бала шақтан болашаққа, балалықтан даналыққа дейінгі аралықта өтетін құбылыстың барлығы өз бастауын мұғалімнен алады. Бүгінгі басты мәселеміз – білім сапасы десек, осы білім сапасын арттырудың тиімді жолы- білім беру жүйесінде түрлі ақпараттық технологияларды қолдану. Келешек қоғамымыздың мүшелері-жастардың бойында ақпараттық мәдениетті қалыптастыру қоғамның алдында тұрған ең басты міндет. Жаңартылған бағдарлама бойынша түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, әр сабағымды қызықты етіп өткізуге тырысамын. Цифрландыру –заман талабы болғандықтан әр сабақта түрлі платформаларды меңгеру –міндетіміз.
 
  • Заманауи ұстаз болу үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы шарт?
 
 Бүгінгі мұғалім –сабақты ұйымдастырушы, зерттеуші. Шәкіртке білім беру үшін олармен қатар білім алушы, себебі шәкірт ұстазының олармен бір заманда өмір сүріп, олардың проблемаларын сезіне білуі қажет. Әр шәкірттің жүрегінен орын алатын ұстаздың ерік-қайраты, күш-жігері, білімі мен білігі келіскен, мінезге бай болу керек. Мұғалім алдындағы қабілеті әр түрлі балалармен жұмыс жасайды. Мұғалімге артылар жүк ауыр. Бүгінгі заман талабы мұғалімге үлкен жауапкершілік артып, жеке тұлғаны бәсекеге қабілетті, өзіндік пікірін, ойын еркін жеткізе алатын, сол білімін өмірде қолдана білуге талпындыратын шәкірт тәрбиелеу.
 
  • Тәуелсіз елдің болашақ азаматтарын тәрбиелеуде ұстаздар қандай идеяларды негізге алу керек?
  Қай елдің болмасын мұғалім дәрежесін көтеріп жүрген жан рухани құндылыққа бай болу керек. Ұстаздың жан дүниесі рухани тәлімге толы болса, шәкірттің де одан алар ілімі далаға кетпек емес. Әлем таныған Ұлы ақын Абай мұрасы арқылы, оның Толық адам ілімі негізінде оқушыларға адамды сүю, оны құрметтеу, биік адамгершілік, елжандылық, имандылық, ізгілікті үлгі ете білсек, толық адам болып қалыптасуына  ықпал етеміз.  Сонымен қатар жас ұрпақты тәрбиелеуде ұлттық құндылықтардың маңызы зор. ҚР  Білім беру стандартында да құндылықтар қамтылған. Өйткені сан ғасырдан бері тәрбиелік мәнін жоймай, салт-дәстүрмен астасып, рухани құндылықтар мен ізеттіліктің асқан жоғарылығымен ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқан ұлттық құндылықтар баланың адам болып қалыптасуында зор маңызға ие.
  • Оқыту әдістерін одан ары жақсарту үшін қандай шаралар қолдану керек деп ойлайсыз?
 Ұлтымызды дәріптейтін, рухымызды биіктетіп, ұлттық сенімімізді жігерлендіретін ұрпақтың болашағы – бізге, яғни ұстаздарға үлкен міндет. Ол үшін мұғалім кәсіби біліктілігін жаңа бағытта арттырып, білім мазмұнын жаңартып, тиісті әдіс-тәсілдерді қолданып, әдістемелік негіздерді қалыптастыруы керек.  Ғаламтор –адамның мүмкіндігін арттырып, ақпаратқа қол жетімді орта құруға әсер етті.  Әсіресе, білім беру жүйесінің де іргетасын дамытуға септігін тигізді. Ғаламтор арқылы адамзат өзіне қажетті ақпараттарды жылдам алатын деңгейге жетті. Сондықтан заман көшінен қалмай онлайн платформалары арқылы педагог білім берудің жаңалықтарын игеріп отыруы керек.  Бұл да цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін көрсетеді. Әртүрлі тапсырмаларды онлайн платформаларға ілесу арқылы мұғалім мен оқушының цифрлық сауаттылығы мен дағдысы қалыптасары анық.
 
  • Бақытты адам –өмірде дұрыс таңдау жасаған адам. Ал сіз өзіңізді бақытты ұстазбын деп айта аласыз ба?
Мамандық таңдау – өте жауапкершілікті және маңызды іс.  Мамандық  таңдауда қателеспедім деп айта аламын.  Қалаған мамандығымның иесімін. Мамандығым– бұл өмірімнің мәні мен мазмұны. Осындай мәртебелі мамандықтың иесі болу мен үшін үлкен бақыт! Әр шәкірттің жүрегінен орын алсам, өмірден өз орнын таба алуына үлес қосқан болсам, әрине, бақыттымын! Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланса, ұстаздан шәкірт озып жатса, жылдар бойы төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны деп білемін.
 
  • Жас мамандар туралы ой қозғасаңыз?
   Мұғалімдер қатарын толықтырып отыратын  жас мамандар да талмай үнемі ізденіс үстіндe бoлып, әр пәнді жоғары деңгейде, сапалы етіп өткізсе — шығар асуымыз алыс емес. Жасыратыны жоқ кейбір жас мамандарымыздың жұмысқа деген ұмтылысы, қызығушылығы төмен. Бәрі бірдей деуге келмес.  Бұл басында айтылып кеткендей мамандықты дұрыс таңдамаудан деп ойлаймын. Қандай мамандық иесі болса да ең бастысы өз мамандығын сүю керек, сонда ғана өз ісінің маманы болады деп ойлаймын. Жанып тұрған, өз пікірін білдіре алатын, өзіндік көзқарасы мен идеясы бар жастарымыз да бар.  Жас маманға бірден жаңа жобаларды іске асыру, көптеген мәселелерді шешу сияқты міндеттер жүктелмейді. Дегенмен, жас маманның жұмысқа деген ерекше ұмтылысын байқаған ұжымның жас маманға деген көзқарасы өзгереді.
 
  • Болашақ ұстаздарға айтар бір кеңесіңіз...
«Ең әуелі мектепке керегі - білімді, педагогика әдістемесінен хабары мол, оқыта білетін мұғалім»- деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтып өткендей, болашақ мұғалім – тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын қалай алатын жас маман. Ең бірінші өз пәнін жетік білуі шарт. Сонымен бірге әр баланың жүрегіне үңіле білетін, мейірімді адал,  талап қоя білгені дұрыс. Мен Мәлік Ғаблуллииннің: «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді» деген сөзін ұстаздық жолымда ұстанымым етіп келемін. Болашақ мамандарға да жадында ұстап жүруіне кеңес берер едім.
   
BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар