Суармалы су тапшылығынан зардап шеккен жамбылдық шаруалардың шығыны өтеледі
Суармалы су тапшылығынан зардап шеккен жамбылдық шаруалардың шығыны өтеледі
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бұқаралық ақпарат құралдарында таралған ақпаратқа қатысты түсініктеме бере отырып, өңірдің Қырғыз Республикасы тарапынан берілетін суармалы судың барлық лимитін пайдалануы туралы тоқталып өтті.
Спикердің айтуынша, бұл жағдайда қабылданған шешімдер дақылдарды іс жүзінде сақтауға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда шығын егіс алқаптарының 10-15 пайызын құрады. Айта кету керек, шығынданған дақылдардың негізгі үлесі Қордай ауданына тиесілі, онда вегетациялық кезеңнің басынан су жеткізу біздің өтінімнен 50,0 пайызға төмен берілді. Жалпы, облыс бойынша суармалы судың жетіспеушілігі мен температураның қалыптан жоғары болуына байланысты дақылдардың шығыны 2022 жылмен салыстырғанда 25,0-30,0 пайызға төмен болады деп күтілуде. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, шілде айының ортасында ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен кеңесте біз өңірлік төтенше жағдай жариялау туралы мәселе көтердік. Үкімет басшысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Топ құрамына ҚР Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Төтенше жағдайлар министрліктерінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің, «Қазсушар» Жамбыл облыстық филиалының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кірді. Жұмыс тобы егіс алқаптарын аралап, жергілікті жерлердегі жағдаймен танысты. Шаруа қожалықтарымен кездесулер өткізді.
Сөзінің соңында Қанатбек Мәдібек су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу мақсатында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне ағымдағы жылы «Еуропалық Қайта Құру және даму банкі» және «Дүниежүзілік қайта құру және даму банк» желісі бойынша жобаларды іске асыруды аяқтау; 2023 жылы 3 су жаңа қойма салуға жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуді аяқтау және 2024 жылы құрылысын бастау, Тасөткел су қоймасын реконструкциялауды аяқтау туралы ұсыныстар енгізілгенін хабарлады. Бұл іс-шаралар болашақта қосымша 220,0 млн. текше метр су жинауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Жасоркен» гидрологиялық бекетін қалпына келтіру жұмыстарын бастау және аяқтау өз кезегінде Талас өзені арқылы келетін су көлемін бақылауға оң ықпал етеді.