Ешқандай шектеу қойған жоқпыз: ҰҚК Қырғызстанмен шекарадағы көлік кептелісіне пікір білдірді
Ешқандай шектеу қойған жоқпыз: ҰҚК Қырғызстанмен шекарадағы көлік кептелісіне пікір білдірді
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттік шекарасындағы жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. ҚР ҰҚК мәліметінше, қазір шекара қызметі шекара аймағында, сонымен қатар шекаралық өткізу пунктілерінде заңсыз іс-әрекетке қарсы іс-қимыл бойынша шаралар кешенін іске асырып жатыр. «Сонымен бірге, қандай да бір шектеулер енгізілмеді. Өткізу пунктері, оның ішінде қазақ-қырғыз шекара учаскесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Тексеру уақытының регламент нормативтері қатаң сақталуда және автокөлік құралдарын өткізу деңгейі қазіргі маусымға тән күнделікті көрсеткіштер аясында» деп мәлім етті ведомстводан. Бұдан бұрын Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы «Ақ-Тілек-автодорожный» бақылау-өткізу пунктінің алдында жүк көліктері кептеліп тұрғаны хабарланған еді. Қырғызстан ҰҚК шекара қызметінің мәліметінше, 21 тамыздағы жағдай бойынша Қырғызстаннан мемлекеттік шекарадан өтуге кезекте 370-ке жуық автокөлік тұр. Бүгін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қырғызстанмен арадағы шекарада жүк көліктерінің кептеліп тұрғанына пікір білдіріп, министрлік коммерциялық жүкке қатысты ешқандай нұсқау бермегенін мәлімдеді.