Қазақстан «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарын 286 млн долларға сатып алды
Қазақстан «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарын 286 млн долларға сатып алды
Аталған келісімнің егжей-тегжейін баспасөз мәслихатында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты. Биылғы тамыз айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да орын алған апат кезінде компанияның инвестициялық және өзге де міндеттемелерін өрескел бұзғаны туралы айтты. Сол кезде Мемлекет басшысы АМТ-мен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бергенін атап өтті. Бұл уақытта Қазақстан Үкіметі «АрселорМиттал Теміртау» иелерімен ArcelorMittal компаниясын металлургиялық комбинат құрамынан шығару мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізіліп жатқан. Келіссөздер 2022 жылдың 3 қарашасында АМТ-ның еншілес кәсіпорны – Ленин атындағы шахтада болған қайғылы апаттан кейін басталды. Қазақстан Үкіметі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына нақты талаптар қойды. Келіссөздер нәтижесінде 2022 жылғы 9 желтоқсанда Қазақстан Үкіметі мен ArcelorMittal арасында қазақстандық тарапқа кәсіпорынды бағалау және аудит жүргізуге мүмкіндік беретін «Standstill Agreement» келісіміне қол қойылды. Министр келіссөздер барысында ArcelorMittal $3,5 млрд сұрағанын, бұл халықаралық консультанттардың есебіне сәйкес келмейтінін атап өтті.
Оның айтуынша, келіссөздер процесі 11 раундтан тұрды, нәтижесінде екі тарап та ортақ ұстанымға қол жеткізді.
Ол сондай-ақ жасалған мәміленің үш негізгі элементін жариялады: Мемлекет активтер құнын $3,5 млрд-тан $286 млн-ға дейін төмендетті; Мәмілені жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен бір де бір теңге жұмсалған жоқ; Жаңа инвестор ArcelorMittal бас компаниясының алдында 4 жыл ішінде $250 млн сомасындағы қысқа мерзімді несиені және $450 млн ұзақ мерзімді несиені өтеу бойынша міндеттеме алады.