26 мамырдан бастап кімдердің есепшоты бұғатталады?

0 51

Көлік салығын төлемегендердің есепшоты 26 мамырдан бастап бұғатталады деп хабарлады БақОрда «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Мемлекеттік Кірістер департаменті ескерту жасады. Ал ескертуді елемеген тұрғындардың көлігі тәркіленіп, есепшоты бұғатталады. Қостанай облысында 12 мыңнан астам адам борышкерлер тізімінде тұр. Тұрғындардың қордаланған қарызы 190 миллион теңгеге жеткен.

Қостанай мемлекеттік Кірістер департаменті өкілдерінің айтуынша, он жылдан бері көлік салығын төлемей жүрген тұрғындар бар. Кейбірінің қордаланған қарызы 5 миллион теңгеден асқан. Жылдар бойы бой жасырып жүрген борышкердің бесеуі 3 тәулікке қамауға алынды.

«Салық уақытында төленбеген жағдайда әр кешіккен күнге өсімпұл жазылады. Борышкерлерге берешегі туралы хабарлама жолданады. Хабарлама отыз күнде орындалмаса, салық бұйрығы жолданады. 26 мамырдан бастап орындалмаған салық бұйрықтарымен берешекеті мәжбүрлі өндіріп алу үшін жеке сот орындаушыларға беріледі», – деді облыстық мемлекеттік Кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Шынар Мұқанова.

Үш күннен кейін 12 мың борышкердің тізімі жеке сот орындаушыларға жіберіледі. Өңірлік палата өкілдері бұған дейін мәжбүрлі орындауға жолданған мың екі жүз материалмен жұмыс істеп, 60 миллионнан астам теңге өндірілгенін айтып отыр.

«Осыған дейін салық төлемей жүрген он адамның көлік құралы тәркіленді. Олар дереу қарызын өтеді. Кейбір борышкер көлігінен айрылғанда немесе есеп-шоты бұғатталған кезде ғана салық төлеуге жүгіре бастайды», – деді өңірлік жеке сот орындаушылар палатасы басшысының орынбасары Әділхан Сүйінбеков.

Қалың қарызды өндіру үшін сот орындаушылар борышкерді шетел асырмауға, көлігін айыппұл тұрағына апаруға құқылы. Банктегі есеп-шоттарын бұғаттап, басқа да мүлкіне тыйым салады.Тіпті әлгі қарызы көп адамның жүргізуші куәлігіне дейін шектеу қойылып, қамауға алуға қақы бар.

Сот орындаушыларды сарсаңға салған көлік салығының түйткілі мәжбүрлі түрде ғана шешілмек.

Атырау облысында биылғыны былай қойғанда, былтырғы көлік салығынан жалтарып жүргендер бар. Салыққа салғырт қараған төрт мың жарымнан астам көлік жүргізуші 244 миллион теңгеге берешек.

Биыл бес айдағы статистикада да көңіл көншітпейді. 14 мыңға жуық көлік иесі салық төлемеген. Олардың борышы 500 млн теңгеге жетіп жығылады.

«І тоқсанда 28 рейд жүргіздік. 163 жеке тұлғадан 4 млн теңге бюджетке өндірілді. Рейд барысын жүргізгенде жеке тұлғалардың қаражаттарының болмауына байланысты сылтаулар айтады. Автокөлік құралының көлемінің көп болуына байланысты салық сомалары да көп болады», – деді облыстық мемлекеттік Кірістер департаментінің бөлім басшысы Нұрмира Орынбаева.

Бір ескеретін жайт, сот орындаушылары көлік иесінен салыққа берешегімен бірге сол соманың 25 пайызы көлемінде қосымша ақы өндіріп алады. Сондықтан мамандар өсімпұлсыз уақтылы төлеуге кеңес береді. Айтуларынша, міндетті төлемнен қашқандар қатарында қозғалтқыш көлемі үлкен, қымбат көліктер де баршылық.

Рейдтік шаралар кезінде салығы төленбеген көлік айыппұл тұрағына қойылады. Ондайда иесі қарызын бірден төлеп, темір тұлпарын алуға асығады екен.

Дереккөз: https://turkystan.kz/article/223797-26-mamyrdan-bastap-kimderdin-esepshoty-bugattalady/

Leave A Reply

Your email address will not be published.