Үкімет ауаны ластайтын ескі көлікті пайдалануға тыйым салатын заң жобасын қарап жатыр
Үкімет ауаны ластайтын ескі көлікті пайдалануға тыйым салатын заң жобасын қарап жатыр
Еліміздің әр өңірінде жергілікті экология органдарының мамандары қасына полицейлерді ертіп, көшелерді аралайды, жол бойында тұрақты рейд жүргізеді. Тексеру барысында түрлі автокөлік – жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк көліктері және басқасы тоқтатылып, газоанализатор, тахометр және басқа аспаптардың көмегімен машинаның шығарынды газдары өлшенеді. Егер тексеру қорытындысында ауаны ластау көрсеткіші рұқсат етілген нормадан асып түссе, онда дереу көліктің мемлекеттік нөмір белгісі тәркіленеді, ондай машинаны ары қарай пайдалануға тыйым салынады. Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп осындай заң жобасын әзірледі. "Қолданыстағы әкімшілік жаза қатайтылады. Бұзушылық толық жойылғанға дейін зиянды зат мөлшері жоғары көлікті пайлануға тыйым салынады. Бұл тыйым, бұзушылық тіркеле сала, бірден күшіне енеді. Әйтпесе, қолданыстағы редакцияда мемлекеттік нөмірлерді алып қоюға тек құқық бұзушылық бірнеше рет жасалса, бір жыл ішінде қайталанса ғана рұқсат етілген. Жаңа талапты Қазақстандағы барлық жеке тұлғаларға, сондай-ақ меншік нысанына және қызмет түріне қарамастан, барлық заңды тұлғаларға қатысты енгізу ұсынылады", – деп түсіндірді министрлік сарапшылары. Үкімет бұл қадамға мәжбүрліктен барып отырғанын алға тартты. Экологиялық рейд жиі өткізілмейді. Өткізіле қалса халықты көк түтінге қақалтқан ескі-құсқы, темір-терсек көліктер мыңдап әшкереленеді. Алайда құзырлы органдар заң талабына сәйкес, олардың иелерінің 80%-ін бірінші жолы тек "ескертумен" қалдыруға мәжбүр. Қалған 20 пайызы – бұрын анықталған бұзушылығын бір жыл ішінде жоймағандар. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, әкімшілік кодекстің "Шығарындыларда ластаушы заттардың болу нормативтерінен асыра отырып, автомотокөлiк құралдары мен басқа да жылжымалы құралдарды пайдалану" деп аталатын 334-бабы аясында: 2020 жылы – 7 849 әкімшілік іс қозғалған, соның 6 570 жағдайында ескерту ғана жасалды; 2021 жылы – 26 600 әкімшілік іс қозғалып, 20 412 көлік иесі ескертумен жайына жіберілді; 2022 жылы – 26 643 әкімшілік іс ашылып, 21 751 жағдайда ескерту жасаумен тынды. Осыдан кейін бұзылған жерін толық жөндемей, катализаторын, фильтрін ауыстырмай, техбайқаудан қайта өтпейінше, қожайыны өз көлігінің рөліне қайта отыра алмайды. Әрі қарай айдап жүріп ұсталса, 1,4 миллион теңге айыппұл төлеуі мүмкін.