Қоғам

«Сенімен болашақ»: Ауқымды акция бастау алды

«Сенімен болашақ»: Ауқымды акция бастау алды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Жас ұрпақтың дамуы, бақытты балалық шағы баршаға ортақ міндет екені белгілі. Балалар жылына орай әрі жазғы маусымда балғындардың сауаттылығы мен бос уақытын қамтамасыз ету мақсатында «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы қалалық білім бөлімі мен облыстық кино орталығының қолдауымен шаһардағы барлық мектептердің 1-4 сыныптарының оқушыларына арнап «Кино –демалыс» акциясын ұйымдастырды. Жалпы «Сенімен болашақ» республикалық ұйымын қоғам қайраткері, кәсіпкер, меценат Нұркен Асанов құрған. Оның басты мақсаты – қоғамда ата-ана жауапкершілігін қалыптастыру. – Қоғамда жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты мәселелер де, содан туындаған келеңсіз жайттар да аз емес. Сол үшін ата-ана бала тәрбиесіне саналы түрде қараса, еліміздің болашағы жарқын болып, балғындарымыз ата-бабаларымыздың ісін мақтанышпен жалғастырады. Қазір республика бойынша 14 филиал ашылды. Негізін қалаушы Нұркен Асанов өз қаражатын отбасы институтын дамытуға жұмсап отыр. Сол үшін біз мемлекеттік бюджет есебінен жұмыс жасамаймыз, – дейді қоғамдық бірлестіктің облыстық филиалының директоры Дәурен Бағжанов. Ал облыстық кино орталығының директоры Нұрлан Қанатовтың айтуынша бұл акцияның басты мақсаты – балалардың кино әлеміне деген қызығушылығын арттырып, сол арқылы тәрбиелеу екен. – Ерекше атап өтерлігі, аталған акция тегін ұйымдастырылды. Яғни, ешбір баладан ақша алған жоқ. Мұнда келген балалардың басым бөлігі аз қамтылған отбасылардан шыққан. Біздің орталықта фильмдерді тамашалауға барлық жағдай жасалған. Фильм аяқталған кейін арнайы мамандар балалармен әңгімелесіп, кино жайлы ойларын тыңдайды. Бір күн ішінде 4 топ балалар келеді. Енді жаз айларының ішінде 5000-нан аса оқушыны қамтуды көздеп отырмыз. Балаларға қашанда қолдау көрсетіп, барлық жағдайды жасауымыз қажет. Сондай-ақ фильм көрсетіліміне келген мектеп оқушыларының арасынан біз балалар жылына арналған қысқаметражды фильмдерді түсіру үшін қызықты кейіпкерлерді анықтағымыз келеді, – дейді Нұрлан Қанатов. Мұндай игі бастаманы тек «Балалар жылында» ғана емес жыл сайын іске асыру жоспарлануда екен. Наргиза ТУРАКУЛОВА, Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті