Жастардың өз мамандығымен жұмыс істемеуіне не себеп?
Жастардың өз мамандығымен жұмыс істемеуіне не себеп?
Әр адам белгілі бір мамандықты таңдап, сол саланы меңгеруі үшін қажетті уақыт оқу оқып, кейіннен белгілі бір маман иесі болып шығады. Бірақ қазіргі кезде өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жатқан адамдардың саны өте аз, тіпті статистикаға да жүгінуді қажет етпейді. Бұл мәселе неден бастау алады? Бала 11 немесе 9 жыл бойы білім алады, өзін жан жақты таниды. Осы аралықта ержетіп, бойжетіп ақыл тоқтатқасын, мектеп бітірерде әр баланың көкейінде кім боламын? деген сұрақ сайрап тұрады. Кейде, баланың болашағы үшін өзі шешім шығаратын кезеңде ата-ананың рөлі басымырақ болып жатқаны бесенеден белгілі. Мысалы, көбіне ата-аналар балаларын экономист, мұғалім, заңгер деген сияқты мамандықтарға тартқысы келеді. Дегенмен, әр бала өздігімен ерекше. Баланың бойында дәл сол салаға деген қызығушылық, талпыныс болмаған жағдайда оны ештеңеге жарамсыз, өзіне не керек екенін білмейді деп сөгуден барынша аулақ болған жөн. Себебі, әр адам өз тіршілігінде белгілі бір дүниеге бейім болады. Тек бойындағы сол талантты тұншықтырмай, әрмен қарай дамытса, кереметтей нәтижелердің куәсі болуымыз әбден мүмкін. Қазір жастардың басым көпшілігі жасайтын қателік ол – өз қалауын емес өзгенің ойын тыңдау грантқа түсу үшін баллы жетіп тұрған салаға бас сұғу. Өз таныстарымнан да мысал келтіретін болсам, ол шығармашылық адам еді. Дегенмен, жыр болған грантқа ілігу үшін баллы жетіп тұрған, бірақ, мүлде бөлек сфераны яғни, математика жағын таңдап кетті. Бұл дегеніміз – өз қалауын, талантын тегін оқу жолында құрбан ету дер едім. Әрине, грантқа түсу, ата-анамызға жасай алатын алғашқы көмегіміз. Дей тұра, уақытша дүниеге қызығып, талай белестерді бағындырар талабыңды терең құздан итере салу дұрыс шешім дей алмас едім. Кез-келген бала мамандық таңдарда өзіне «Мен бұл саланы меңгергім келеді ме?, «Осы салада еш өкінбестен жұмыс атқара аламын ба?», «Бұл маған не үшін керек?», «Бұл мамандықтың сыры мен қыры неде?» деген сияқты сұрақтарға іштей жауап беріп, таразыға салып, асықпай ойланғаны дұрыс. Осы орайда ата-ананың қолдау кқрсетіп, дұрыс жолға сілтей білгені абзал. “Бірінші ҰБТ тапсырсын, кейін алған баллына байланысты мамандықты таңдар” ,- деу ата-ана санатынан балаға деген, баланың болашағына деген немқұрайлылық дер едім. Мектеп бітіріп қанатын кеңге жайғалы тұрған жас талапкер үшін, өмірлік жолда дұрыс бағыт-бағдар беру өте маңызды. Әр бір жоғары оқу орнында жылына 2-3 мәрте арнайы кәсіби бағыт-бағдар беретін түсіндірме жұмыстары жүргізіліп тұрады. Таңдауымен арпалысып, бір шешімге тоқтай алмай жүрген талапкерлерге бұл нәрсе жақсы әсер етіп жатады. Қазіргі кезде, дипломы басқа мамандықтан, ал өзі тіптен басқа жерде жұмыс істеп жүрген жастар өте көп. Мамандық таңдаудан қателеспеген жөн. Себебі, ол сенің өмірлік жұмысың, табысың, нәпақаң. Әрине, бұл бір жұмыспен ғана тоқтап қалу деген сөз емес. Тек, өзіңнің қалаған, меңгерген сала бойынша жұмыс істеп наныңды тауып жүргеннің өзі бір ғанибет. Мамандық таңдауда көбі аса салғырттықпен қарап жатады. Керісінше, дәл осы шешімді мұқият қарастырған абзал. Себебі, мамандықты дұрыс таңдамау адамның өзіне ғана емес өзгеге де кесірін тигізуі әбден мүмкін. Мысалы, дәрігер мамандығын тәмамдаған жас маман, өз қалауынсын, бейімінсіз, қажетті білімінсіз таңдаған болса, қарапайым халыққа қажетті дәрі-дәрмегін дұрыстап жазып бере алмай, ауруы асқынып немесе басқа да мәселелер туындауы мүмкін. Сондықтаң, үлкен кісілерге айтар уәжім, балаларыңыздың қандай салада өзін көргісі келетіні жайлы 1 күн ғана емес, бірнеше жылдар бойы жұмыс жүргізгендеріңіз жөн. Сонымен қатар, диплом алған жастарды көп жерде бірден жұмысқа қабылдай бермейді. Себебі, жұмыс берушілер де тәжірибелі маманды қажет етеді. Дәл осы орайда, мемлекет тарапынан бірнеше уақыт өз талаптарын шыңдау мақсатында құрылған дипломмен ауылға жобасы көмекке келеді. Бұл тәріжибе 6 ай уақытқа созылады. Мен бұл жобаны толықтай қолдар едім. Мемлекет тарапынан, халықтан осындай қолдау көрсету жас талапкер үшін өте маңызды. Сондай ақ, дипломы бар бірақ, жұмыссыз жүрген жастар да қаншама. Бұл сұрақтың да шешімін тауып “Жұмыспен қамту” орталығын ашты. Мемлекет барынша халыққа аянбай көмек көрсетіп жатыр. Болашақ – жастардың қолында. Сол себепті де, талантты жастарымыздың аяғына тұсау салмай, керісінше, қанаттарын қатайтып еліміздің өркендеуіне үлесімізді қоссақ деймін. Айнура Сейділдаева, Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті