«ZHAMBYL HUB» – КОГНИТИВТІ ОРТА
Білім берудегі ақпараттық технологиялар қазіргі уақытта қоғамның ақпараттық өркениетке көшуінің қажетті шарты болып табылады. Өңірлік Zhambyl IT Hub пен Шерхан Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институты бірлесіп оқушыларды IT саласына тарту мақсатында Жамбыл облысының жалпы білім беретін орта мектептерінің 10-11 сынып оқушылары мен колледж және университет студенттері үшін «ZHAMBYL HACKATHON» аз уақытта жасалып шығатын IT шешімдер сайысын өткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен үшінші Ұлттық құрылтайда еліміз озық технологияларға негізделген постиндустриалды қоғам үлгісіне көшіп келе жатқанын аса зор ықыласпен жеткізді. Әсіресе жастардың дені IT технологиялардың тілін түсініп, жасанды интеллект жүйесін өмірдің айнымас бөлігіне айналдыруға талпыныс жасап жатқанын тілге тиек етті. Президент сөзінің бір дәлелі күні кеше Тараз қаласында өткен облыстық «ZHAMBYL HACKATHON» IT шешімдер сайысы болса керек.
Жалпы HACKATHON дегеніміз не? Бұл – қысқа уақыт ішінде жасалатын IT шешім. Яғни шағын мерзімде белгілі бір бағдарламалық өнімнің прототипін әзірлеу. Мұндай бәсекеде компьютерлік бағдарламаларды озық меңгерген жастар өздерінің потенциалдарын ашық көрсетіп, қоғамға пайдалы әрі жаңашыл жобаларына инвестор таба алады. «Zhambyl Hub» орталығы мен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі білім бәсекесіне облыстық жалпы білім беретін орта мектептердің 10-11-сынып оқушылары мен жергілікті колледж және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Екі күнге созылған сайыста 20 команда бақ сынады.
Білім бесекесінің басы-қасында жүрген «Zhambyl Hub»-тың өңірлік менеджері Әйгерім Наурызбекова сайыстың маңыздылығы мен артықшылығына кеңінен тоқталып, филиал жұмысының жай-жапсарын түсіндірді
Сондай-ақ Әйгерім Қуанышбекқызы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының материалдық-техникалық базасына жоғары бағасын берді. Мәселен, әр студент немесе оқытушы институттың табалдырығын аттаған сәттен бастап адамның жеке тұлғасын анықтауға мүмкіндік беретін арнайы Face ID турникетінен өтеді. Мұндай күшейтілген қауіпсіздік шарасына негізделген жаңашыл жүйені барлық оқу ғимараттары мен жатақханаларына орнатқан. Яғни студенттерге барлық қолайлы жағдай жасалған.
Осылайша екі күнге созылған «ZHAMBYL HACKATHON» сайысының қорытынды кезеңінде барлық команда небәрі бір тәулікте жасаған инновациялық жобаларын қазылар алқасының алдында қорғады. Бағалау кезінде web-cайттың немесе арнайы қосымшаның жасалу құрылымына, жазылу кодына және ішкі көркемділігіне ерекше мән берілді. Облыс бойынша 20 команда бақ сынаған байқауда Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің қос бірдей командасы жүлделі I және II орынды жеңіп алса, үздік үштікке Тараз көпсалалы инновациялық колледжінің өрендері тұрақтады.