Жол жағдайы тексерілді
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы бірқатар көшелер мен бұрылыстарды көріп, жолдардың жағдайын тексерді.
Аймақ басшысы жолдардың нашар жағдайына қатысты тұрғындардан шағым жиі түсетінін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды барынша сапалы әрі бекітілген мерзімнен кешіктірмей жүргізу керектігін ескертті.
Облыс орталығындағы А.Пушкин, Адамбаев, Қылышбай ақын, Ұлбике ақын көшесі мен Бөлтірік шешен көшелерін, Шостакович көшесі мен Санырақ батыр көшелерінің қиылыстарын аралаған Ербол Қарашөкеев ағымдағы жөндеу жұмыстарының көлемін арттыру керектігіне баса назар аударды. Сол арқылы шағын аудандар ішіндегі жолдардың да жағдайын реттеу керектігін атап өтті.
Тараз қаласында биыл 140 шақырымнан аса жол орташа жөндеуден өтеді деп жоспарланған (2023 жыл – 87,5 шақырым).
Нақтырақ айтқанда, 67,8 шақырымды құрайтын 40 жобаны (оның ішінде 117 көше, бұрылыс, тұйық, өткел), одан бөлек ұзындығы 20,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолын және ұзындығы 73,8 шақырым болатын шағал жолды (оның ішінде 165 көше, бұрылыс, тұйық, өткелдер) жөндеу жоспарланған.
Бұдан бөлек, ұзындығы 10,8 шақырымды құрайтын 3 көшені қайта жаңғырту көзделуде. Ағымдағы жөндеу жұмыстарының көлемін де үш есеге дейін арттыру жоспарда.
Келесі кезекте облыс әкімі М-1 жылу жүйесінің жаңғырту жұмыстарымен танысып, қала басшылығына жұмыстардың сапасын қадағалауды тапсырды.
Айта кетейік, ағымдағы жылы түрлі бағдарламалар аясында облыс бойынша пайдалануға беретін пәтер санын 2-3 есеге көбейту жоспарланған. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал тобын тұрғын үймен қамту көлемі де артады (2023 жылы – 1122 пәтер, 2024 ж – 2173 пәтер).
Жамбыл облысының әкімдігі