Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің төрағалығымен өткен штаб отырысында, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік және өкілетті органдардың өрт кезеңіне дайындық жұмыстарының барысы және облыс аумағында әртүрлі сипаттағы қауіп-қатерлер мен төтенше жағдайлар туындаған жағдайда аумақтық бөлімшелер мен жергілікті атқарушы органдардың іс-қимыл алгоритмі бойынша жұмыс жүргізу мәселелері қаралды.
Жиында өңірдің төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ералы Ақылбеков өрт қауіпті кезеңге дайындық барысы жайлы баяндады. Айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес «Орман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесінің өрт қауіпті кезеңге дайындығы тексерілген. Мамыр айында республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдары мен теміржолдар бойындағы минералды жолақтарды жырту жұмыстары жоспарланып, соған сай бүгінгі күнге 729,7 километр минералды жолақтарды жырту жұмыстары жүргізілген. Жолақтарды жырту Жамбыл және Меркі аудандарында мүлдем жүргізілмеген болса, басқа аудандарда бұл жұмыстар 4,4-46,5 пайыз аралығында ғана атқарылған.
Жол картасына сәйкес, бүгінде облыс аумағында жергілікті атқарушы органдар тарапынан 19 өрт сөндіру бекеті құрылған. Биыл Шу ауданының Балуан Шолақ ауылында тағы бір өрт сөндіру бекетін құру жоспарланып отыр. Жалпы, ауылдық округтерде 2128 адамнан тұратын 165 ерікті өрт сөндіру жасағы жұмыс істейді. Сонымен қатар, табиғи өрттердің алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамының, жергілікті полиция қызметінің және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен 82 адамнан тұратын 16 бірлескен мобильдік топ құрылып, олар өрт қауіпті кезең басталғаннан бері 45 рейдтік іс-шара ұйымдастырған. Құрғақ шөп пен қоқысты өртегені үшін 39 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның алтауына ескерту жасалып, 33-і айыппұл төледі. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Штаб отырысында, биыл облыстың мемлекеттік орман қорында өрт қаупі маусымы 20 наурыздан басталғанына орай, оған дайындықтың нәтижесі туралы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нартай Егембердиевтің есебі тыңдалды. Баяндамашының айтуынша, облыста мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 миллион 427 мың гектар болса, оның орманмен көмкерілген жерлері 2 миллион 357 мың гектарды құрайды. Бұл облыс аумағының 30,8 пайызын алып жатыр. Аталған мемлекеттік орман қорының жерлері басқармаға бағынысты 15 орман шаруашылығы мекемелеріне бекітіліп берілген. Бүгінде орман қорындағы орманшылықтарда 26 өрт бақылау мұнарасы жұмыс жағдайына келтіріліп, өрт қауіпті аумақтардағы 55 бекетте тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылған. Өрт қаупі маусымының жоғары кезеңінде қосымша 6 бекет қойылмақ. Орман қорында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрттің алдын алу жөніндегі іс-шара жоспары бойынша 11154,5 километр өртке қарсы минералды жолақтарға күтім жасау жұмыстары сәуір-мамыр айларына жоспарланған. Қазіргі таңда 4380 километр (40 пайыз) өртке қарсы минералды жолақтарға күтім жасау жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы жауын-шашынның мол болуына байланысты, жолақтарда қайтадан шөп өсіп кетпеуі үшін күтім жұмыстары кешірек басталған. Бұл жұмыстар 20 мамырға дейін толық аяқталатын болады. Қазіргі кезде өңірдегі орман өртін сөндіру станциялары 5 өрт сөндіру автокөлігімен, 12 УАЗ- АЦ-0,9 маркалы кіші кешенді өрт сөндіру көлігімен, 66 «МТЗ» тракторы соқасымен және 15 жартылай тіркемелі 3 және 5 тонналық өрт сөндіргіш әмбебап цистерналармен жабдықталған. Орман шаруашылығы мекемелері орман қоры жерлерін күзету үшін патруль жасауға 72 жеңіл автокөлік бөлінген. Бүгінгі таңда орман шаруашылығының материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі 78 пайызды құрап отыр. Алайда техникалардың 25 пайызы ескірген және есептен шығаруды қажет етеді. 8-11 сәуір аралығында ТЖД-мен бірлесіп орман шаруашылығы мекемелерінің өртке қарсы техникалары мен құрал-жабдықтарының дайындығына зерделеу жұмыстары жүргізілген. Орман өртін болдырмау үшін атқарылған іс-шараларға қарамастан биылғы өрт қауіпті маусымы кезеңінде орман қоры жерлерінде 7 орман өрті оқиғасы тіркеліп, 1474,87 гектар алқап өртке шалдықты. Одан келген шығын 1 миллион 360,9 мың теңгені құрады.
– Өткен жылдың соңында орман шаруашылығы мекемелерінде 9 өрт сөндіру автокөлігі болған. Оның ішінде Бурылбайтал және Қордай орман шаруашылығының өрт сөндіру көліктері жарамсыз болуына байланысты есептен шығарылды. Ал Луговой орман шаруашылығындағы автокөлік құжаты болмауына байланысты мекеме есебінде жоқ күйде тұрса, Сарысу орман шаруашылығы мекемесіндегі 1 «КамАЗ» автокөлігі жарамсыз, есептен шығаруды қажет етеді. Жалпы, автокөліктердің барлығы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты өрт сөндіру бөлімшелерінен алынған ескі көліктер, – деді Нартай Әлібекұлы.
Жиында облыс әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің бас инспекторы Жасөркен Жақсылық биылғы сәуір-мамыр айларында Қордай, Шу және Меркі аудандарында мемлекеттік және өкілетті органдардың өрт сөндіру кезеңіне дайындық жұмыстарының барысына жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысы туралы хабарлады. Аталған аудандарда жұмыс топтары құрылып, өрттердің алдын алу және сөндіру жөніндегі іс-шаралар жоспары жасалған. Мәселен, Қордай ауданының Масаншы және Сортөбе ауылдық округтері өрт сөндіру бөлімдерінің автотұрағы демеушілер көмегімен соғылып, пайдалануға берілген. Меркі ауданы, Андас батыр ауылындағы өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіру техникасын қоятын автотұрақ жоқ болуына байланысты қаржы бөлініп, оны шешу жолдары қарастырылуда. Ал, Шу ауданы, Қорағаты ауылдық округіндегі өрт сөндіру көлігі бұзылып, жүруге жарамсыз болып қалған. Сондай-ақ, арнайы автотұрақ жоқ болуына байланысты жекеменшік үйдің ауласында тұр. Осыған байланысты жаңа көлік бөлу қажеттілігі туындауда. Аталған үш ауданның өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері мен ерікті өрт сөндіру жасақшылары биыл арнайы оқу курсынан өтпеген, қолдағы оқу сертификаттарының мерзімі өткен. Сондықтан оларды облыстық төтенше жағдайлар департаментінде арнайы оқудан өткізу қажет.
Жазғы өрт қауіпті кезеңге дайындық мақсатында барлық жеке құрам толық көлемде арнайы өрт сөндірушінің жауынгерлік киімімен, жеке газқағарлармен, байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Шу ауданында 2 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді. Меркі ауданында 1, Қордайда 1 өрт сөндіру бөлімі бар. Қордай ауданындағы №15 өрт сөндіру бөлімінің ғимараты апатты жағдайда тұр. Онда қарауылдық қызметті ұйымдастыруға ешбір талаптардың болмауына байланысты, жаңа өрт сөндіру депосының құрылысы жүруде.
Шу ауданындағы Қосқұдық орман шаруашылығы мекемесі орман қорының аумағы 416 484 гектарды құрайды. Онда 6 өрт бақылау бекеті орналасқан. Жоспарға сәйкес, 1230 километр минералды жолақтарға күтім жасау жұмысы осы айдың соңына дейін аяқталмақ. Меркіде ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеменің мемлекеттік орман қоры 438 270 гектарды құрайды. Биыл 1084 километрге ені 4,2 метрлік минералды жолақтарды күтіп-баптау жұмыстары жоспарлануда. Қордай және Қарақоңыз ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемелердің алғашқысында орман өртіне қарсы 400 километр, екіншісінде 80 километр минералды жолақтарға күтім жасау жұмыстары осы айдың соңына дейін жүргізілмек. Дегенмен, орман шаруашылығы мекемелерінде бірқатар кемшіліктер анықталған.
– Мәселен, арнайы техникалардың өрт сөндіру құралының пайдалану мерзімі өтіп кетуіне байланысты жарамсыз болып қалған. Ал автокөлік жүргізушілерінің медициналық қобдишасындағы дәрілердің мерзімі өтіп кеткен. Шұғыл әрекеттерге пайдаланылатын жанар-жағармайды қауіпсіз сақтау орны қарастырылмаған. Сондықтан мемлекеттік және өкілетті органдардың өрт сөндіру кезеңіне дайындық жұмыстарын жүргізу бойынша Тараз қаласы мен аудандардағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырыстарында өрт қауіпсіздігін сақтау мәселесі бойынша проблемалық сұрақтарды қарап, берілген тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз ету, Шу ауданы, Қорағаты ауылдық округіндегі өрт сөндіру бекетіне арнайы автотұрақ соғу мен жаңа өрт сөндіру көлігін бөлу жолдарын қарастыру, өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері мен ерікті өрт сөндіру құрылымдарына тартылған өрт жасақшыларын облыстық төтенше жағдайлар департаментінде оқыту мәселесін шешу, өрт бақылау мұнаралары жоқ аудандарда оларды орнату жұмыстарын ұйымдастыру, мемлекеттік қорының барлық аумағында өртті ерте анықтау жүйесін сатып алу жолдарын қарастыру, орман мекемесінің аумағында найзағай бұрғысын орнату мәселесін қарастыру ұсынылды, – деді Жасөркен Берікұлы.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс аумағында әртүрлі сипаттағы қауіп-қатерлер мен төтенше жағдайлар туындаған жағдайда аумақтық бөлімшелер мен жергілікті атқарушы органдардың іс-қимыл алгоритміне сәйкес жұмыс жүргізу туралы облыс әкімінің көмекшісі – облыс әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Ермек Абдуллаев баяндады.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек Меркі, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарының таулы аймақтарында биыл шөп қалың екенін айтып, бұдан бұрындары Меркі ауданында сайдың ішінде, Т.Рысқұлов ауданында орман шаруашылығы жерінде болған өртте адам өлімі орын алған оқиғаларды ұмытпау керектігін еске салды. «Осындай мәселелердің алдын алу үшін жолақтарды жырту жұмыстарын сапалы түрде толық аяқтауымыз керек. Екі күннен кейін бастаймыз деп сылбырлық танытып отырғандарыңыз дұрыс емес», деген Қанатбек Қайшыбекұлы жол бойындағы бүкіл жолақтарды жырту жұмыстарын осы айдың 25-іне дейін аяқтауды тапсырды.
– Біздің орман шаруашылығы мекемелеріне қажетті техникалар саны 18 болса, қолда бары 9 ғана. Оның өзінде 7-еуі ескі. Ал тракторларды артығымен пайдаланудамыз, 33-тің орнына 86-сы бар. Алайда, 29-ы ескіргендіктен, оларды есептен шығарып отырмыз. Осындай жарамайтын техникалардың санын көбейтпей, есептен шығаруды бір айдың ішінде шешу керек. Жолақтарды жырту жұмыстары 25-інде аяқталған соң, олардың орындалу сапасын тексеріп шығу қажет. Сондай-ақ, бізге қажетті 39 өрт бақылау мұнарасының бүгінде бары – 26. Ал қалғандарын қайда орналастыру жөнінде ұсыныс дайындап, бұл жұмысты да алдыңғы аптадан қалдырмаңыздар, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жиында әрбір ауылдық округ жанынан құрылған өрт сөндіру топтарын қажетті киім-жабдықтармен, өрт сөндіру құралдарымен және жалақымен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілгенін атап өткен Қанатбек Мәдібек енді ерікті өрт сөндірушілерді қажетті құралдармен қамтамасыз ету керектігін айтты. Жақында Қордайда өткен өртке қарсы оқу-жаттығуда өрт сөндірушілердің қолындағы сапалақтардың сапасыздығына тоқталып, олардың аяғында резеңке етік болғанын және бас киімдері жоқтығын сынға алды. Аудан әкімдеріне осындай кемшіліктерді дереу жөнге келтіруді ескертті. Әр ауылдық округтің әкімі өз аумағындағы орман жерлерінде отырған шаруа қожалықтарының иелеріне, тракторшыларға шөп шабу науқанында, егістік алқаптарында өрт қауіпсіздігін сақтау туралы жазбаша ескерту таратуды да 25 мамырға дейін толық аяқтауды, егін еккен шаруашылықтар егістік айналасын жыртуды өздері ұйымдастырып, өздері қадағалауын тапсырды.