Алматыда жастарға сейсмикалық қауіпсіздік туралы ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы мен Төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп, қала жастарын сейсмикалық қауіпсіздік туралы ақпараттандыру жұмыстарын өткізуде. Аталмыш шаралар қаламыздың ЖОО-да өтіп жатыр.
Осындай іс-шаралардың бірі Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінде өтті. ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері подполковник Медеу Шакенов студенттерге жер сілкінісі және басқа да төтенше жағдайларда әрекет етудің негізгі қағидаларын түсіндірді.
Сондай-ақ, іс-шарада табиғи апат немесе адамдардың қателігінен болатын өрттің бетін қайтаруға дайындық, алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсету бойынша мәселелер түсіндірілді.
Сонымен қатар, алдағы уақытта қаламыздағы барлық комьюнити орталығында жастарға қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмыстары бойынша бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.