Жаңалықтар

«Қазпошта» әлемнің үздік 50 пошта операторының қатарына енді

Мемлекет басшысының қабылдауында болған «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова компанияның жетістіктері мен болашақ жоспарлары туралы есеп берді.

Кездесуде Әсел Жанасова компанияның былтырғы қызметінің нәтижесі, қаржылық жағдайы және перспективті даму бағыттары туралы баяндады. Соңғы екі жыл ішінде «Қазпошта» таза табысқа шығып, мемлекеттік бюджетке 45 млрд теңге көлемінде салық және баж алымдарын төлеген.

Ең басты жетістіктердің бірі – компанияның Дүниежүзілік пошта одағының рейтингісі бойынша алғаш рет әлемнің үздік 50 пошта операторының қатарына енуі. Бұл көрсеткіш «Қазпоштаның» халықаралық деңгейдегі беделінің артқанын дәлелдейді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев компанияға қаржылық жағдайды нығайту, электронды сауданы дамыту, сондай-ақ ТМД бағытында көлік-логистика әлеуетін арттыруға арналған цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

«Қазпошта» өз қызметінің тиімділігін арттырып, ел экономикасына қосқан үлесін одан әрі күшейтуді көздеп отыр.