Марат Құлибайұлының шығармашылығына арналған әдеби кеш өтті
Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Жазушымен бір күн» жобасы аясында Әулиеата өңірінен шыққан қаламгерлердің шығармаларын насихаттауды жалғастыруда.
Осы жоба аясында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық «AQ JOL» газетінің жауапты хатшысы, балалар жазушысы Марат Құлибайұлының 50 жылдық мерейтойына арналған «Балалар жүрегіне жол тартқан» әдеби вернисаж кеші өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Шараға жазушының әріптестері, достары, оқырмандары мен өңірдің зиялы қауым өкілдері жиналды.
Балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген қаламгер үшін бүлдіршіндердің танымын кеңейтіп, өнегелі шығармалар ұсыну – үлкен жауапкершілік. Осы бағыттағы еңбектерін дәріптеу мақсатында кеш дарынды балаларға арналған «Дарын» лицей-интернатында ұйымдастырылды.
Кеш барысында лицей оқушылары жазушының портретінен пазл-мозайка құрастырып, тосынсый жасады. Сонымен қатар, жас өрендер мерейтой иесіне арнап арнау өлеңдерін оқып, кеш қонақтарының көңілін көтерді. №66 мектеп оқушылары жазушының «Жеті ата» шығармасынан көрініс қойса, «Жуалы» халық театрының актерлары мен №5 мектеп оқушылары «Жұман ата аманаты» әңгімесін сахналады.
Кешке қатысқан қазақ журналистикасының қайраткері Ақылжан Мамыт, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Баймаханбет Ахмет, облыстық мәслихат депутаты, журналист Оралхан Дәуіт, айтыскер ақын Есет Досалы жазушыға ақжарма тілектерін арнады.
Өңірдің ақпарат саласына елеулі үлес қосып, облыстық басылымда жемісті еңбек етіп келе жатқан қаламгердің алдағы уақытта да жас ұрпаққа берері мол.