Ринат Зайытов: «Түрмелерде заңсыздықтар жалғасуда»
Қазақстандағы түзету мекемелеріндегі жағдай жиі сынға ұшырайды. Түрмелерде тәртіп бұзушылықтар орын алып, сотталғандар арасында әділетсіздік жалғасуда. Осы мәселеге қатысты Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Ринат Зайытов пікір білдіріп, заңсыздықтарға назар аудару қажеттігін айтты.
Депутаттың айтуынша, қамауда отырған азаматтардың кейбірі түрме әкімшілігінің ерекше қамқорлығына ие болып, өздеріне жайлы жағдай жасап алған. Ал басқалары, керісінше, қысым көріп, түрлі азаптауларға ұшырайды.
Депутаттың сөзінше, тек артықшылықтар беру ғана емес, сонымен қатар қамауда отырғандарды қинау, психологиялық және физикалық қысым көрсету жағдайлары да тіркелуде.
Осыдан біраз уақыт бұрын Атбасар түрмесінде азаптау әрекеттеріне қатысты 12 қызметкердің сотта ақталып шыққаны белгілі болған еді. Бірақ прокуратура бұл үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді.Ринат Зайытов бұл мәселенің алдын алу үшін нақты қадамдар жасау керек екенін атап өтті.
Қазақстандағы түзету мекемелеріндегі жағдай қоғамның қызу талқысына түсті. Бұған дейін тергеу изоляторында отырған сотталушылардың туған күн тойлағаны туралы дерек тарады. Бұл оқиға түрме жүйесіндегі тәртіпсіздіктердің тағы бір дәлелі ретінде қарастырылуда.
Түрмелердегі заңсыздықтар қашан тоқтайды? Түзету мекемелері әділетті жүйеге айнала ала ма? Бұл сұрақтардың жауабы алдағы уақыттың еншісінде.