Жаңалықтар

Өткен жылы проактивті мемлекеттік қызметтер саны 200 мыңға артты

Осы жүйені енгізудің нәтижесінде 2024 жылы 642 мыңнан астам адам проактивті мемлекеттік қызметтерді алу үшін SMS хабарлама алды. Оның ішінде 263 мың адам өтініш бермей-ақ жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін пайдаланды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылмен салыстырғанда көрсетілген қызметтер саны 200 мыңға өсті, - деп хабарлайды baq-orda.kz

Мемлекеттік қызметтердің бір бөлігі Отбасының цифрлық картасы арқылы көрсетіледі. Бұл жүйе азаматтардың әл-ауқат деңгейін автоматты түрде анықтап, қажетті мемлекеттік қолдау шараларын ұсынады. Осы жүйені енгізудің нәтижесінде 2024 жылы 642 мыңнан астам адам проактивті мемлекеттік қызметтерді алу үшін SMS хабарлама алды. Оның ішінде 263 мың адам өтініш бермей-ақ жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін пайдаланды.

2024 жылдың ақпан айында "Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу" қызметі проактивті форматқа ауыстырылды. Қазіргі уақытта әлеуметтік-еңбек саласында 28 мемлекеттік қызмет проактивті түрде көрсетіледі.

Ең сұранысқа ие қызметтер:

Жұмыссыз азаматтарды тіркеу – 771 мың қызмет

Бала тууына және бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындау – 218 мың

Бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау – 172 мың

Міндетті зейнетақы жарналары мен зейнетақы жинақтарының айырмасын төлеу – 177 мың

Мүгедектік немесе еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеу – 97 мың
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру бағытында да жұмыс жүргізілуде. Мүгедектік тобын белгілеу бойынша сырттай медициналық-әлеуметтік сараптама пилоттық жобасы жалғасуда, 2024 жылы осындай форматта 97 мың өтінім қаралды.

Сондай-ақ, мүгедектігі бар азаматтар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өздеріне қажетті техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін өз бетінше таңдай алады. Биыл 1,1 миллионнан астам тапсырыс орындалды.

Бұл шаралар мемлекеттік қызметтерді қолжетімді, ыңғайлы және жылдам етуге бағытталған.