Жаңалықтар

Назарбаев университетінде жанжал: студент қыздарды жасырын видеоға түсірген

Назарбаев университетінде студенттің қыздарға арналған дәретханада жасырын видео түсіргені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Baq-Orda.kz.

Threads әлеуметтік желісінде жарияланған мәліметке сәйкес, күдікті студент 30-ға жуық видео түсірген. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып, жәбірленушілерге әділдік талап еткендер көбейді.

"Қыздардың тағдыры не болары белгісіз. Университет өз беделі үшін мұндай ақпараттарды жасырын ұстауды доғарсын. Қазақстанда әйелдердің құқығын сақтау және қорғау керек!" – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Ал желідегі пікірлердің бірінде студенттің 2-курс оқушысы екені және оқудан шығарылғаны айтылған.

"Екінші курс студенті екен. Университеттен шығарылды деген ақпарат естідім. Бірақ нақты емес, басқа студенттерден естіген мәліметім" – делінген пікірде.

Университет ресми мәлімдеме жасады

Назарбаев университеті бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, оқу орнында ішкі тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

"Қазіргі уақытта іс бойынша университетте қабылданған ресми тәртіпке сай ішкі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Дәлел-деректер жиналуда. Университет қолында нақты айғақтар болмайынша, ешкімді кінәлай алмайды. Бұл мәселе студенттермен жұмыс жөніндегі департаменттің бақылауында" – делінген ресми мәлімдемеде.

Сонымен қатар, оқу орны студенттердің құқығын қорғау бойынша белгілі бір ережелер бар екенін және кез келген студент университеттің ресми органдарынан көмек сұрай алатынын атап өтті. Университет ішінде психологиялық қолдау қызметі мен сенім байланыс нөмірлері тұрақты жұмыс істейді.