Жаңалықтар

Жамбылда ғасыр жасаған соғыс ардагері Рахымжан Мамырәлиев өмірден озды

Жамбыл облысында ғасыр жасаған Ұлы Отан соғысының ардагері, абыз ақсақал Рахымжан Мамырәлиевтің өмірден өткені туралы қаралы хабарды оның туыстары растады, деп хабарлайды Baq-Orda.

Рахымжан Мамырәлиев 1925 жылы 25 қаңтарда Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. Соғысқа дейін туған ауылында еңбек еткен ол 1943 жылы қаңтар айында Жамбыл аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға аттанған. 1943–1944 жылдары Приморск өлкесін, Ворошилов қаласын жаудан азат етуге қатысқан. Кейін Жапон соғысында Манчжурияда болып, соғыс аяқталғаннан кейін Кореяның Сеул қаласында 1951 жылға дейін әскери міндетін атқарған. Елге 1951 жылдың қарашасында оралған.

Соғыстан кейінгі жылдары Рахымжан ақсақал Талас және Жамбыл аудандарындағы бірқатар шаруашылық құрылымдарында бас есепші, май зауытының басшысы секілді жауапты қызметтер атқарған. 1985 жылы зейнеткерлікке шыққан.

Ерен еңбегі мен ерлігі үшін ол «Еңбек Қызыл Ту», II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, сондай-ақ соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Рахымжан Мамырәлиев – 2 ұл мен 2 қыз тәрбиелеп өсірген ардақты әке. Артында 19 немере мен 6 шөбере қалды.

Айта кетейік, бүгінде Жамбыл облысында көзі тірі небәрі бес Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Олар: Мүтәліп Ережепбаев, Геннадий Иванов, Иван Макеев, Григорий Нещеретнев және Шалданбай Шаңбаев.