Бейбіт күннің батырлары: Құтқарушы болу – жауапкершілік пен ерліктің көрінісі
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі жазды
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары – күнделікті өмірде қарапайым адамдар болып көрінгенімен, шын мәнінде – заманымыздың қаһармандары. Олар қауіпті жағдайларда өз өмірлерін қатерге тігіп, біреудің өмірін арашалап қалуға дайын тұрады. Олардың ерлігі – әрқашан ел есінде.
Артур Бердашев – өрт ішінен балаларды аман алып шыққан құтқарушы
Аға өрт сөндіруші-құтқарушы Артур Бердашев азаматтық қорғау органдарында 2016 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Оның жанқиярлық ерлігі 2023 жылдың 17 қазанында Орал қаласындағы бес қабатты тұрғын үйде болған өрт кезінде көрініс тапты.
Сол күні пәтерлердің бірінде шыққан өрт жоғарғы қабаттарға тез таралып, ғимаратты қою түтін басты. Іште балалар қалып қойғаны анықталғанда, Сержант Бердашев еш ойланбастан жанып жатқан пәтерге кіріп, екі баланы құтқарып, қауіпсіз аймаққа алып шықты. Оның батылдығы мен әрекет ету шапшаңдығы арқасында барлығы 15 адам, оның ішінде 5 бала аман-есен эвакуацияланды. Өрт көрші пәтерлерге таралмай, дер кезінде сөндірілді.
Оның ерлігі үшін Артур Бердашев Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл марапат оның кәсібилігі мен батылдығына берілген әділ баға.
Сұңғат Жүзболсын – тасқын суға қарсы тұрған маңғыстаулық құтқарушы
2019 жылдың мамыр айынан бері азаматтық қорғау органдарында еңбек етіп келе жатқан Сұңғат Жүзболсын өткен жылы Батыс Қазақстан облысында болған су тасқыны кезінде алдыңғы шепте жүрді. Ол Жайық өзенінің арнасынан асуына байланысты жағалауды нығайту, бөгеттерді бекіту және халықты эвакуациялау жұмыстарына белсене қатысты.
22 мамырда Жалғансай ауылына кіреберісте түнгі кезекшілікте тұрған кезінде бөгет жарылып, төтенше жағдай орын алды. Сұңғат жедел әрекет етіп, штабпен және әкімдікпен байланысқа шықты. Нәтижесінде шұғыл эвакуация жүргізіліп, апат салдары тез арада жойыла бастады.
Сұңғаттың бұл әрекеті – жай ғана кәсіби міндет емес, шын жүректен жасалған ерлік болды. Ол өз әріптестерімен бірге елді мекеннің тұтастығын сақтап қалды.
Ертай Райымбеков – 20 жылдық қызметін ерлікпен дәлелдеген подполковник
Азаматтық қорғау подполковнигі Ертай Құрманбекұлы Райымбеков – 20 жылға жуық уақыт бойы құтқару саласында еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Оның ерлігі 2023 жылғы 20 қаңтарда Тараз қаласындағы «Ақсай» базарында болған өрт кезінде ерекше көзге түсті.
Ғимаратты қаптаған қою түтін мен жоғары температураға қарамастан, Ертай газ-түтіннен қорғау қызметінің тобын бастап, ішке енді. Ол екі әйелді жалын ішінен аман алып шығып, қозғала алмай қалған мүмкіндігі шектеулі адамды құтқарды.
2024 жылы Ақмола облысында болған су тасқыны кезінде де ол өз ерлігін тағы бір дәлелдеді. 200-ден астам адамды эвакуациялау барысында суға батып бара жатқан автокөлік жүргізушісін құтқару үшін Ертай өзі суға секіріп, оның өмірін сақтап қалды.
Көрсеткен ерлігі мен қызметтік міндетін адал атқарғаны үшін ол Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Ерлік – күн сайынғы әрекет
«Біздің мамандығымыз әр минутты бағалауға және жылдам шешім қабылдауға үйретеді. Өйткені әр секунд – біреудің өмірі», – дейді подполковник Райымбеков.
Артур, Сұңғат және Ертай сынды құтқарушылар – кәсіби борышты ар-намыспен атқарып жүрген тұлғалар. Олар – біздің заманымыздың тыныш күндегі қаһармандары. Қауіп-қатерге бетпе-бет келіп, өзгенің өмірін сақтап қалу – әркімнің қолынан келе бермейді. Олардың ерлігі – құрметке, алғысқа және ұрпақ жадында сақталуға лайық.
Құтқарушыларды қолдау – тек олардың еңбегін мойындау ғана емес, бұл – адам өмірінің қадірін бағалау.