Жаңалықтар

Ақ халаттылардың алдыңғы шебі: Жедел жәрдем – өмір үшін күрестің алдыңғы қатары

Ақ халатты абзал жандар – елдің саулығы үшін аянбай тер төгіп жүрген қоғамның елеулі тұлғалары. Олардың ішінде жедел медициналық жәрдем қызметінің өкілдері – адам өмірі үшін әр секундпен арпалысатын, шешімді сәт ішінде қабылдайтын ерекше мамандық иелері. Солардың бірі – Күлзахира Қызғараева. Ол – отыз жылға жуық жедел жәрдем саласында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі дәрігер, қоғамға сіңірген еңбегі зор кәсіби тұлға.

Туған жерден басталған еңбек жолы

Күлзахира Сапарқұлқызы – Жамбыл ауданы, Шайқорық ауылының тумасы. Медицинаға деген қызығушылығы оны Қарағанды мемлекеттік медицина институтына жетелеп, 1993 жылы табысты тәмамдап, еңбек жолын Тараз қалалық ауруханасында бастаған. Уақыт өте келе, медицина саласындағы тынымсыз еңбегі мен жинақталған тәжірибесі оны 2014 жылы жедел жәрдем стансасына алып келді. Бүгінде ол осы мекемеде бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.

Тек дәрігер емес – жанашыр, ұстаз, ұйымдастырушы

Күлзахира Сапарқұлқызы – өз кәсібіне жан-тәнімен берілген, шешімді дәл қабылдай алатын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, білікті маман. Әріптестері оны әрдайым қолдаушы, бағыт көрсетуші тәлімгер ретінде сипаттайды. Ол тек емдеу ісіне ғана емес, ұжымдық рухты, кәсіби мәдениетті қалыптастыруға да ерекше үлес қосып жүрген жан. Ұжымда әрдайым сый-құрметке ие, жас мамандарға бағыт-бағдар беруден жалықпайды.

Мемлекет тарапынан көрсетілген марапаттар да бұл еңбектің айғағы. Ол:

2018 жылы – «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен;

2021 жылы – «Халық алғысы» медалімен;

2023 жылы – «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Алайда, оның айтуынша, дәрігер үшін ең үлкен марапат – науқастың амандығы мен алғысы.

«Науқастың өмірін сақтап қалған сәт – саған берілген ең үлкен марапат. Қаншама тағдыр, қаншама адам жаныңда өтеді. Ажалмен арпалысып жүргенде жүрек сыздайды. Кейде аман алып қала алмағаның үшін өз-өзіңе көпке дейін келе алмай, жан күйзелісін бастан өткересің», – дейді ол.

Жедел шешім – жан сақтаудың алғышарты

Жедел жәрдем саласының басты ерекшелігі – уақытпен жарысу. Мұнда дәрігердің уақыт жоғалтуға құқығы жоқ. Шешімнің шапшаң әрі дұрыс болуы – адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Күлзахира Сапарқұлқызы осы салада жүріп, талай оқиғаларға куә болды, қаншама адамның тағдырын өзгертуге атсалысты. Оның бір оқиғасы – 20 жыл бұрын клиникалық өлім жағдайында жатқан жас жігітті тірілтуі – көпшіліктің есінде. Аурухана қабылдау бөлімінде «қайтыс болды» деген диагноз қойылған науқастың жүрегін массаж арқылы қайта соқтырған. Бұл сәт – оның дәрігер ретіндегі жолындағы елеулі оқиға болып қалды.

Тәуекел мен тапқырлық – күнделікті міндет

Жедел жәрдем қызметкерлері әрдайым қауіпті жағдайлар мен күтпеген сәттерге дайын болуға міндетті. Күлзахира апайдың кәсіби жолында бұған мысал көп.

Бірде көпқабатты үйдің күнқағарына құлаған 6 жасар баланы құтқаруға асығып, өз өмірін қатерге тіккен.

Тағы бірде есірткі қолданған қауіпті ортада дәрігерлік міндетін атқарып, науқастың өмірін аман алып қалған.

Кейде ол тапқырлық танытып, емделуден бас тартқан маскүнемді жертөледен «арақ беремін» деп алдап шығарып, үсіп бара жатқан аяғын аман алып қалған.

Осындай сын сағаттарда дәрігер өз өмірін емес, алдымен науқастың тағдырын ойлайды. Бұл – мамандыққа деген адалдықтың, жауапкершіліктің белгісі.

Ауыл медицинасына үлес – стратегиялық бағыт

2024–2030 жылдарға арналған денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы ауылдық жерлерде медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруды басты бағыттардың бірі етіп отыр. Осы бағытта Күлзахира Қызғараева сынды білікті мамандардың еңбегі ерекше маңызға ие. Ол – ауылда туып-өскен, ауыл халқының қажеттілігін жақсы білетін, тәжірибесін ауыл медицинасының дамуына арнап жүрген жан.

«Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесінің жетілуі – тек техникалық жабдықталу ғана емес, білікті кадрлардың жұмыс істеуімен тығыз байланысты. Қандай жағдай болмасын, ең бірінші кезекте маманның кәсібилігі мен шапшаңдығы маңызды», – дейді Күлзахира Сапарқұлқызы.

Денсаулық сақтау жүйесінің кәсібін танымал ету – өміршең міндет

Күлзахира Қызғараева – тек өз ісінің шебері емес, жас мамандарға үлгі болатын тұлға. Оның жедел жәрдем стансасындағы еңбек жолы – медицина мамандығының қадірі мен қиындығын қатар ұғындыратын нақты мысал. Осы арқылы дәрігерлердің қоғамдағы рөлін арттыру, олардың еңбегін кеңінен насихаттау – бүгінгі таңдағы ақпараттық қолдаудың негізгі бағыттарының бірі.

Осы бағыттағы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс шеңберінде осындай тұлғалар жайлы мақалалар мен материалдардың көптеп жариялануы – кәсіби беделді көтерудің, кадрлық әлеуетті күшейтудің тиімді жолы.

Қорытынды: Жеделдіктің жүгі – жауапкершілік пен жанқиярлық

Күлзахира Қызғараева – уақытпен санаспай, жан қиярлықпен жұмыс істейтін дәрігерлердің бірі. Оның 40 жылға жуық медицина саласындағы еңбек жолы – ұстаздық, тәлімгерлік, ерлік пен ізгіліктің үлгісі. Оның әрбір сәті – өмір мен өлімнің шекарасында күрес. Сол себепті де ол үшін ең үлкен марапат – науқастың амандығы, ананың алғысы, баланың күлкісі.                                                 Бұл мақала арқылы жедел жәрдем қызметінің күнделікті көзге көріне бермейтін, алайда адам өмірін сақтап қалудағы шешуші рөлін көрсету көзделеді. Ақ халатты абзал жандардың кәсібіне деген құрметті арттыру, ауылдық өңірлердегі медицина қызметінің маңызын ұғындыру және денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру қажеттілігін кең аудиторияға жеткізу – осы әңгіменің өзегінде жатыр. Жылдамдық пен шешімділікке негізделген бұл сала – халық саулығының алдыңғы шебінде тұрған маңызды жүйе екені сөзсіз.