Ассамблея – бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы
Биыл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі ерекше институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы.
Осы кезең ішінде Ассамблея бейбітшілік пен татулықтың мызғымас тұғырына айналды. Бұл жолда Жамбыл облысының қосқан үлесі айрықша.
Жыл басынан бері облыста ұйымдастырылған шаралар легі халықтар достығын дәріптеуге бағытталды. Ақпан айында Достық үйінде өткен «Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы мен жетістіктері» көрмесі – соның бір айғағы. Архив құжаттар, фотосуреттер мен кәдесыйлар арқылы әр этностың тарихы мен мәдениеті көрерменге жол тартты.
Алғыс айту күні қарсаңында ұйымдастырылған игі шаралар – елге, қоғамға қызмет етудің жарқын үлгісі. Қан тапсыру, қайырымдылық акциялар, челлендждер мен концерттер – бәрі де адамгершілік пен мейірімділік құндылықтарын насихаттады.
Ассамблеяның қоғамдық құрылымдары да белсенді. Атап айтсақ, ғылыми-сараптамалық топ, «Жаңа толқын» жобасы арқылы мыңдаған жастар қамтылды. Мұндай қадамдар жастарды азаматтық жауапкершілік пен ұлтаралық татулық рухында тәрбиелейді.
«Қазақстан халқының бірлігі» күніне орай Таразда өткен «Бірлік жүгірісі» марафоны – тек спорттық емес, рухани шараға айналды. 700-ге жуық тұрғынның қатысуы – ел ішінде бірлікке деген сұраныстың жоғары екенін білдіреді.
30 жыл – тек кезең емес, тағылым. Ассамблея осы жылдар ішінде елдің ұйытқысына, рухтың тірегіне айналды.