30 жыл – сабақтастық пен сенім кезеңі
2025 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 30 жылдығын атап өтті.
Бұл – кездейсоқ дата емес. Бұл – сенім мен сабақтастықтың, тұрақтылық пен дамудың символына айналған үлкен кезең. Бұл тарих – Жамбыл облысы сынды өңірлердің үлес-қосуы арқылы жазылды.
30 жылда ҚХА этностарды тек біріктіруші институт қана емес, елдің стратегиялық тұрақтылығының тірегіне айналды. Мұны облыста өткен маңызды іс-шаралар да дәлелдеп отыр. 2025 жылғы 30 мамырда өткен облыстық ҚХА-ның ХХVIII сессиясы «Ел бірлігі – мемлекеттің тірегі» деген тақырыппен өтті. Бұл жиын – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір, ұрпақтар сабақтастығының көрсеткіші болды.
Сессия барысында ұлттық бірлік идеясын жаңа форматта дамыту жолдары сөз болды. Ассамблея жанындағы құрылымдар – Ақсақалдар мен Аналар кеңестері, Журналистер клубы, Жас ғалымдар, Медиаторлар, «Ассамблея жастары» – осы бағытта жүйелі жұмыс істеуде.
Жамбыл облысындағы этномәдени бірлестіктердің 78-і де өз мәдениетін ұлықтап қана қоймай, қоғамдық өмірге белсенді араласуда. Тараз қаласында өткен «Бірлік жүгірісі» марафоны, кітапханадағы мәдени кештер, спорттық сайыстар, көрмелер – бұлардың барлығы этносаралық үйлесімділік пен азаматтық бірегейлікті нығайтуға бағытталған.
Мәдениетаралық үндестік тек концерттік шаралармен шектелмейді. Жамбылда бүгінде этнос өкілдері білім беру, медицина, кәсіпкерлік және мемлекеттік қызмет салаларында белсенді жұмыс істейді. Бұл – этностар арасындағы сенім мен тең мүмкіндіктер саясатының айғағы.
Ассамблея – бұл өткеннің сабағы, бүгінгі күннің негізі және болашақтың кепілі. 30 жылдық тарих – соның жарқын дәлелі.