Отандық ауыл шаруашылығы техникасына салынған инвестиция: Жамбыл облысында жаңа зауыттың құрылысы басталды
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Тараз қаласының индустриялық аймағы алаңында ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға маманданған жаңа кәсіпорынның құрылысы бастау алды. Зауыттың іргетасын қалау рәсіміне ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.
Жобаның инвесторы – «Kaz FM World agriculture machinery» ЖШС (Nuode Network Technology Co., Ltd, Қытай). Өндіріс алаңы бес гектарды алып жатыр. Мұнда тракторлардың сан түрін, сонымен қатар тіркеме жабдықтарын шығару көзделіп отыр.
Құрылысқа салынған инвестицияның жалпы көлемі 10 млрд теңгені құрайды. Зауыт іске қосылғаннан кейін жыл сайын 2 000 бірлікке дейін техника шығарылып, 55 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады.
– Отандық машина жасауды дамыту – аграрлық сектор үшін шешуші мәнге ие. Өзімізде өндірілетін техника шаруаларымызға заманауи құрал-жабдықтарды қолжетімді етіп қана қоймай, ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, өндірістік әлеуетін кеңейтуге жол ашады, – деді өңір басшысы.
Биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша облыстың негізгі капиталына 391,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,4 пайызға жоғары.
2025-2027 жылдар аралығында Жамбыл облысында жалпы құны 300 млрд теңгеден асатын 20 ірі ауыл шаруашылығы жобасы жүзеге асырылмақ. Аталған бастамалар өндірісті жаңғыртуға, озық технологияларды енгізуге және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған.