Жамбыл облысында биыл 65 мыңнан астам жұмыс орны құрылады
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте денсаулық сақтау және жұмыспен қамту салаларындағы атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелер қаралды.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің айтуынша, биыл тыныс алу жүйесі ауруларынан (0,2%) және туберкулезден (7,5%) өлім-жітім көрсеткіші өткен жылдың 7 айымен салыстырғанда төмендеді.
Өңірде 109 дәрігер тапшылығы бар. Кадр тапшылығын шешу мақсатында 2019-2025 жылдары жергілікті атқарушы орган грантымен жалпы медицина мамандығы бойынша 58 студент білім алуда. Олардың алды 2026 жылы оқуын аяқтайды. Сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға (резидентура) 179 грант бөлінді. Оқу бітіргеннен кейін өңірдің мемлекеттік медициналық ұйымдарында 5 жыл еңбек ету міндеттемесімен 53 дәрігер жұмысқа орналасты. Қазір 84 жас маман резидентурада білімін жалғастыруда, ал 7 резидент әлеуметтік демалыста.
Мамандарды қолдау үшін биыл 41 дәрігерге тұрғын үй сатып алу немесе салу мақсатында 367,3 млн теңгеге дейін бюджеттік несие берілді. Бұған қоса, 129 жас маманға жалпы құны 47,6 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. Жергілікті әкімдіктер де қосымша қолдау шараларын ұсынып отыр.
Сонымен бірге биыл 2 468 медицина қызметкерін, оның ішінде 589 дәрігер мен 1 879 орта буын маманды оқудан өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда 1 891 медицина қызметкері біліктілігін арттырды.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бекболат Мұқановтың мәлімдеуінше, 2025 жылғы 24 қыркүйектегі жағдай бойынша жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында 43 064 жұмыс орны құрылды (жылдық жоспар – 65 647).
Президенттің «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» тапсырмасына сәйкес 11 933 жұмыс орны ашылды (жылдық жоспар – 12 534).
Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 16 792 адам тартылды (жылдық жоспар – 17 571).
Жұмыс берушілердің бос орындарына 13 122 адам орналасты. Ең төмен көрсеткіш Тараз қаласы мен Меркі ауданында тіркелді.
Еңбек биржасына 158 жоба енгізіліп, 1 217 азамат жұмысқа тұрды. Бұл бағытта төмен нәтиже Тараз қаласы, Жамбыл және Мойынқұм аудандарында байқалады.
Отбасын қолдау орталықтары Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Мойынқұм және Талас аудандарында жұмыс істейді. Ал Шу мен Қордай аудандарында мұндай орталықтар әлі ашылмаған.
Сондай-ақ Шу мен Қордайда өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдармен жұмыс істейтін мобильдік топтар құрылмаған.
2025 жылы өңірде 262 әлеуметтік инфрақұрылым нысанын мүгедектігі бар адамдарға бейімдеу жоспарланған.
Бүгінге дейін 127 нысан толық, 121 нысан жартылай бейімделді.
Жамбыл, Жуалы, Меркі және Сарысу аудандарындағы 14 нысан бейімделмеген.
Басқосуда салалық басқармалар мен департамент басшылары, Тараз қаласы мен аудан әкімдері есеп берді.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешу үшін нақты шаралар қабылдауды, көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруды, әлеуметтік нысандардың құрылыс және жөндеу жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарын жыл соңына дейін толық орындауды, әлеуметтік қолдау түрлерін тұрғындарға уақтылы жеткізуді және аудандарда Отбасын қолдау орталығы мен мобильдік топтарды құру жұмыстарын жеделдетуді міндеттеді.