Таза Қазақстан: Тараз қаласында жасыл желектердің бірыңғай дерекқоры жасақталуда
- author Admin
- Бүгін, 09:34
- 1

Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов хабарлады.
Басқосуда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының өту барысы қаралды.
Бүгінгі күнге дейін сенбіліктерге 109,4 мың жамбылдық қатысты.
Акция аясында 56 тарихи-мәдени ескерткіш, 100,5 мың шаршы метр тұрғын үй аулалары, 3,1 мың шақырым көше жолы, 858,8 шақырым арық жүйесі мен каналдар, сондай-ақ 81,6 мың шаршы метр саябақ пен сквер аумағы тазаланды. Нәтижесінде 12,1 мың тонна күл-қоқыс шығарылды.
Биыл облыс аумағын абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына жалпы 11,9 млрд. теңге қаралды.
Аумақтарды абаттандыру қағидаларын бұзу және ортақ пайдаланымдағы орындарда қоқыс тастау фактілері бойынша 31,3 мың дерек тіркеліп, жалпы 273,9 млн теңгеге айыппұл салынды.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰҚ АҚ жүргізген ғарыштық мониторинг нәтижесінде облыс аумағынан 198 бей-берекет қоқыс үйіндісі анықталды. Бүгінде олардың 78 пайызы бойынша жою жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар 57 ауылдық округ арқылы өтетін республикалық маңызы бар 954 шақырым автомобиль жолы апта сайын округ әкімдерінің ұйымдастыруымен тазаланады.
«Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі бойынша телеграм-бот арқылы жыл басынан бері 470 өтінім түскен. Оның ішінде 424 өтінім мерзімінде қаралып, 3 өтінім бойынша бас тартылған, тағы 3 өтінім қаралу үстінде.
«Жасыл белдеу», «TazaLike» және «Әр ауылдық округке 2000 тал егу» іс-шаралары аясында көктемде 303 мың көшет отырғызылды.
– Тараз қаласында қоқыс мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Зерделеу нәтижелері бойынша қаланың әр аумағында бей-берекет қоқыс үйінділері кездеседі. Жағдай көңіл көншітпейді, шағынаудандардағы тазалық та төмен деңгейде. Биыл қала екі әкімшілік аумаққа бөлінген болатын. Бұл шешім тиімді басқаруды қамтамасыз етіп, халықтың тұрмыс-тіршілігіне қажетті инфрақұрылымды сапалы дамытуға бағытталған еді. Алайда жаңадан құрылған әкімдіктер тарапынан жұмыстар тиісті деңгейде ұйымдастырылмай отыр, – деді Ербол Қарашөкеев.
Өңір басшысы аудандарда да жағдай мәз емес екенін атап өтті. Анықталған кемшіліктерді жоюға бір апта уақыт беріп, аппарат басшысына нәтижесін қайта зерделеуді міндеттеді.
– Тазалық жұмыстарын жүргізу аса күрделі мәселе емес. Ауылдық округ әкімдері жауапкершіліктерін күшейтіп, абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалауды назардан тыс қалдырмауы қажет, – деді облыс әкімі.
Кеңес қорытындысында Тараз қаласының тәжірибесін негізге ала отырып, жасыл желектерді цифрландыру жүйесін Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларына енгізу, «Жасыл белдеу» бағдарламасының орындалуын зерделеу, коммуналдық қызметтердің жұмысын күшейту, тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру бойынша кеңінен насихаттау жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Ұқсас жаңалықтар
ҰЭМ Арнайы салық режимін қолданушылар тізімін талқылауға шығарды
- авторAdmin
- 26 қыркүйек, 2025