Мәдениет

Жазықсыз жазаланғандар – жадымызда

Жазықсыз жазаланғандар – жадымызда

Биыл 1921-1922 жылғы Лениндік «Ет пен сүт» декретінен (Қаулысынан) кейін болған ашаршылыққа – 100 жыл, 1931-1932 жылғы сталиндік-голощекиндік қолдан жасалған арнайы ашаршылыққа – 90 жыл және 1937 жылғы қандықасап репрессиясының екінші толқынының басталғанына тура – 85 жыл. Бұл – жүрекке салмақ түсірген, санаға жара салған қасірет. Қазақстанда 1997 жылдан бері 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде аталып келеді. Осы орай да 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында «Жазықсыз жазаланғандар» тақырыбында жастармен кездесу өтті. – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 24 қарашасында қабылдаған №456 Жарлығына сәйкес 1920-1950 жылдары сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, атылған немесе қуғындалған азаматтарды толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Яғни, Қазақстанда Кеңес Одағының орнауы, алғашқы жылдарындағы жеке басқа табынушылықтың салдарын жан-жақты зерттеуге жол ашылды. Осы бағытта қазіргі уақытта біздің өңірде де бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, 1921-1922 жылдардағы аштық, 1928 жылғы Әулиеата өңіріндегі байларды тәркілеу науқандарындағы бассыздықтар, 1930-1931 жылдардағы жергілікті халықттың Кеңестік билікке деген наразылықтарының өршуі, 1930-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы саяси репрессия сынды адамзатқа жасаған қиянаттың тарихын қайта қарап, ақтаусыз, сұраусыз немесе ақтауға тыйым салынған марқұмдардың ісін қайта қарап, тарихи бағасын берудегі бағытта барынша атсалысып жұмыс жасап жатырмыз. 1933 жылы наурызда қоғам және мемлекет қайраткері Т.Рысқұловтың Сталинге жазған мұрағаттарда сақталған хатына назар салсақ, Қазақстандағы өзге аймақтар қатарлы біздің Әулиеата өңіріндегі халық та ашаршылықтың зардабын қатты тартқан. Әсіресе дәстүрлі мал шаруашылығын жүргізіп келген Сарысу мен Талас, Мойынқұм және біздің облысқа қарасты өзге территорияларда ашаршылық қатты шарпыған. Тіпті қазіргі Байзақ ауданында кісі етін жегендерді қалай ұстағаны туралы да деректер бар. Сондай-ақ, Сарысу мен Таластағы аштыққа байланысты мемлекет және қоғам қайраткері О.Жандосовтың Голощекинге жазған жантүршігерлік хаты бар. Т.Рысқұловта Сталинге жазған хатында Әулиеатаның шайханаларының алдында күнде 20-ға жуық балалар мен 80-нен аса ересектердің аштықтан жан тапсырып жатқанын баяндайды. Сондықтан да қасіретті тарихымыздың аянышты кезеңінен ешқашан ұмытпауымыз қажет. Бүгінгі «боз торғай қой үстіне жұмыртқалаған заманда» тоқшылық пен бейбітшілікті ардақтай білуіміз керек. Ұлтымыздың тағдырындағы аянышты тарихымыз қайталанбас үшін бәріміз білім мен ілімге, техника мен технологияны игеріп, халыққа адал қызмет етуіміз керек, – деді Мадияр Ералыұлы.  width=Кездесуде сөз алған орталықтың бөлім меңгерушісі Назым Кожамарова Әулиеата өңірінде 1928 жылы тәркіленген байлар мен орта шаруалардың жер аударылуы тарихына тоқтап, олар туралы бүгінгі таңда архив құжаттарымен жұмыс жүргізіп жатқандарын және ашаршылық жылдарындағы жинақталған естеліктермен бөлісті. Ал облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қайта қалпына келтіру дирекциясының ғылыми қызметкері Сания Мекемтасқызы 1932-1933 жылдардағы аштықтың құрбандарының жерлеу орындары мен қорымдарына қатысты мәліметтерді баяндап, қиын, құбылмалы кезеңдегі тарихи деректер мен ақпараттарды баяндап өтті. Жиын соңы жастар мен тарихшылардың арасында сұрақ-жауаптарға ұласып, қатысушылар нәубет жылдардағы зобалаңнаң тарихи хабардар болып тарқасты. Еске сала кетейік, кездесуге М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Тараз иновациялық гуманитарлық университетінің, «Білім» кәсіби гуманитарлық техникалық және Тараз сервис технологиялық коледждерінің студентері, сондай-ақ Тараз қалалық білім бөліміне қарасты №5 мектеп, №3 мектеп-лицейінің оқушылары мен ұстаздары қатысты. Құрбанәлі ШАХАБАЙ