Жаңалықтар

Мойынқұм ауданында жаңа спорт кешені ашылды

Мойынқұм ауданының Айдарлы ауылында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Салтанатты рәсімге аудан әкімі Ермек Карентаев қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады.

Ауыл ақсақалдары спорт кешенінің лентасын қиып, жұртшылыққа ізгі тілектерін жеткізді.

Кешеннің құрылысы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Жоба құны – 359,2 млн теңге. Екі қабатты ғимаратта ауыл балалары мен жасөспірімдері күрес, бокс, футбол, баскетбол және волейбол сынды спорт түрлерімен шұғылдана алады.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, қазір Мойынқұмда 154 спорт нысаны бар: 3 спорт кешені, 1 орталық стадион, 32 спорт залы және 118 спорт алаңы. Жаңа кешеннің іске қосылуымен спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 76,2 пайызға жетті. Ал тұрғындардың 41,9 пайызы тұрақты түрде спортпен шұғылданады.