Жаңалықтар

Республика күніне орай Германияда Жамбыл облысының өнерпаздары “Қазақстан – құтты мекенім!” атты қазақ концертін өткізді

Германияның Саарбрюккен қаласында 25 қазан — Қазақстан Республикасы күніне арналған салтанатты мәдени шара өтті.

Іс-шара аясында Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Қазақ елі» ансамблі мен өнер шеберлері «Қазақстан – құтты мекенім!» атты мазмұнды концерттік бағдарламасын көрермен назарына ұсынды.

Бұл мәдени кешті Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі, Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығы және Саар өңірлік өнеркәсіп-сауда палатасы (IHK Saarland) бірлесе ұйымдастырды. Шара Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени ынтымақтастықтың айқын көрінісіне айналып, екі ел арасындағы достық көпірін одан әрі нығайта түсті.

Концерт барысында қазақ халқының дәстүрлі музыкасы мен рухани мұрасы дәріптеліп, көрермендерге ұмытылмас әсер сыйланды. Мәдени кешке Саар жері билігінің, мәдениет, өнер және білім салаларының өкілдері, Германиядағы қазақ диаспорасының мүшелері, жергілікті іскерлік қауымдастық, сондай-ақ Саарбрюккен тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Кештің ашылуында Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы Таубалды Умбетбаев сөз сөйлеп, екі ел арасындағы стратегиялық байланыстар мен жоғары деңгейдегі өзара сенімнің дамуына тоқталды:

Сонымен қатар, IHK Saarland Саар жерінің Сауда-өнеркәсіп палатасының Бас атқарушы директоры доктор Франк Томе Қазақстан мен Саар өңірі арасындағы экономикалық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті:

Сахна төрінде өнер көрсеткен Жамбыл өнерпаздары неміс көрерменін ұлттық әуенмен тербетіп, домбыра, жетіген мен қобыздың үні арқылы қазақ даласының терең философиясы мен тұмса табиғатын сезіндіре алды.

Концерттің репертуары қазақ классикасы мен заманауи шығармаларды, халық күйлері мен әлемдік туындыларды қатар қамтыды. Абайдың «Желсіз түнде жарық-ай» мен «Көзімнің қарасы», Құрманғазының «Серпері», Қазанғаптың «Ақжелеңі», сондай-ақ Paul Lincke-нің әйгілі «Berliner Luft» туындысы жоғары кәсіби деңгейде орындалып, мәдениеттер үндестігін ерекше сездірді.

Концерттің финалында орындалған «Атамекен» әні көрермендерді ерекше тебірентіп, залда шынайы ұлттық мақтаныш сезімін оятты.

Бұл іс-шара екі ел арасындағы достықты, өзара сыйластықты арттыруға, сондай-ақ қазақ өнерін халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды мәдени оқиға ретінде тарихта қалмақ.