Қордайда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында екі жаңа білім ошағы ашылды
25 қазан – Республика күніне орай Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Қарасу және Қаракемер ауылдарында 300 орындық екі жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Ашылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, тұрғындарды айтулы оқиғамен құттықтады. Өңір басшысы өз сөзінде білім беру саласын дамыту – ел болашағына бағытталған ең маңызды мемлекеттік басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
Екі білім ұясының құрылысы Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жүргізілді.
Қарасу ауылындағы №53 орта мектеп заманауи стандарттарға сай салынды. Мұнда оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған.
Ғимарат ішінде 28 оқу кабинеті, 80 орындық мәжіліс залы, асхана, кітапхана (30 орындық оқу залымен), 667 шаршы метр аумақты қамтитын кең спортзалы, сондай-ақ STEM, робототехника және компьютер сыныптары бар. Бұдан бөлек, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға арналған коворкинг орталығы, 3 шеберхана мен 3 ғылыми зертхана да жұмыс істейді.
Жаңа мектептің ашылуы Қарасудағы үш ауысымды оқыту мәселесін толық шешіп, 232 оқушының сапалы білім алуына жол ашты. Мектепте бүгінде 25 білікті педагог қызмет атқарады, олардың қатарында «Педагог-зерттеуші», «Педагог-сарапшы», «Педагог-модератор» санатындағы мұғалімдер бар. Жалпы штат саны – 65 бірлік.
Бұл күні Ербол Қарашөкеев Қаракемер ауылындағы №54 орта мектептің ашылуына да қатысты. Заман талабына сай соғылған білім ұясында балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығына айрықша мән берілген.
Өңір басшысы жаңа мектептердің бой көтеруі Қордай ауданының білім беру әлеуетін арттырып, ауылдық елді мекендердегі балалардың сапалы білім алуына кең мүмкіндік туғызатынын айтты.
Айта кетейік, Жамбыл облысында биылдың өзінде 26 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 10 мектеп пен 5 қосымша ғимарат пайдалануға берілмек. Ал 2026 жылы тағы 11 жаңа білім ошағының іргетасы қаланады.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде төрт жаңа мектеп есігін айқара ашты. Оның бірі – Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылында, үшеуі – Тараз қаласында орналасқан. Бүгін екі мектеп Қордай ауданында іске қосылды.