
25 қазан — Республика күніне орай Мойынқұм ауданының Айдарлы ауылында жаңа мәдениет ошағының ашылу салтанаты өтті. Заманауи үлгіде бой көтерген нысанда 90 орындық клуб пен кітапхана біріктірілген.
Салтанатты шараға аудан әкімі Ермек Карентаев қатысып, ауыл тұрғындарын мерекемен және жаңа мәдени нысанның ашылуымен құттықтады. Әкім өз сөзінде бұл ғимарат ауыл өміріне жаңа серпін беріп, мәдениет пен өнердің дамуына, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне зор мүмкіндік туғызатынын атап өтті.
Жаңа мәдениет ошағында түрлі қоғамдық және шығармашылық іс-шаралар, көрмелер мен концерттер өткізуге барлық жағдай жасалған. Ал кітапхана бөлімі ауыл жастары мен оқырмандарға кең таңдау мен жайлы оқу ортасын ұсынады.
Нысанның құрылысы облыстық бюджет есебінен 240 405,1 мың теңгеге жүзеге асырылды.