Айгерім Сәттібаева ел чемпионатындағы жеңісі үшін марапатталды
Семейде өткен бокстан Қазақстан чемпионатында топ жарған тараздық спортшы, бес баланың анасы Айгерім Сәттібаева өз жетістігі үшін марапатталды.
48 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Айгерім финалда Әнел Құдайбергенмен кездесіп, қарсыласын айқын басымдықпен жеңген еді. Осы жеңістің арқасында ол араға 15 жыл салып, Қазақстан чемпионы атағын қайта иеленді.
Жақында Тараз қаласының спорт басқармасы боксшыны жеңісімен құттықтап, арнайы сый-құрмет көрсетті. Басқарма өкілдері оның спорттағы табандылығын, отбасы мен спортты қатар алып жүрген үлгілі еңбегін атап өтті.
Айта кетсек, чемпионат қорытындысы бойынша 2025–2026 жылдарға арналған ұлттық құрама жасақталмақ.
Айгерім Сәттібаева бұған дейін де биік белестерді бағындырған. Ол 2024 жылы Таиландта өткен Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болған болатын. Бес баланың анасы бүгінде спортқа деген сүйіспеншілігімен жастарға үлгі болып жүр.