Жаңалықтар

Италияда Абай Құнанбайұлының бюсті ашылды

Римдегі Вилла Грациоли саябағында (Parco di Villa Grazioli) қазақ халқының ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлы бюстінің салтанатты ашылуы өтті.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерболат Сембаев, италиялық зиялы қауым өкілдері мен Қазақстанның ресми делегациясы мүшелері қатысты.

Министр салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының рухани кемелденуіне бағдар болған, адамзаттың асыл мұраттарын насихаттаған ұлы тұлға екенін атап өтті. Оның шығармаларындағы басты идея – адамгершілік, әділдік, білім мен еңбек арқылы ізгілікке үндеу. Сондықтан да Абай бейнесінің дәл Рим қаласында бой көтеруі – мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы рухани көпірдің белгісі болары анық.

Айта кетсек, қазақтың ұлы ақыны Абайдың есімі шетелде зор құрметке ие. Ақынға арналған ескерткіштер, бюстер мен монументтер әлемнің көптеген ірі қалалары мен астаналарында орнатылған. Олардың қатарында, Ташкент, Мәскеу, Қазан, Бішкек, Бейжің, Каир, Будапешт, Тегеран, Анкара, Ыстамбұл, Нью-Дели, Женева, Париж, Ренн, Сараево, Тбилиси, Берлин, Сеул, Харьков, Баку және Рио-де-Жанейро қалалары бар.

Аида Балаева мен Ерболат Сембаев Шыңғыс Айтматов ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі