Жаңалықтар

Қазақстан Президентінің Жарлығымен опера әншісі Мария Мудряк мемлекеттік марапат иеленді

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Италияға іссапары барысында, опера әншісі Мария Мудрякқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» мемлекеттік марапатын табыстады.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Италияға іссапары барысында, опера әншісі Мария Мудрякқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» мемлекеттік марапатын табыстады.

Джузеппе Верди атындағы Милан консерваториясының түлегі Мария Мудряк бүгінде әлемнің жетекші опера сахналарында өнер көрсетіп жүр. Ол халықаралық мамандардың бағалауы бойынша, әлемнің үздік он сопраносының қатарына енген.

Биыл опера әншісінің шығармашылығы мен кәсіби мансабына 28 жыл толды. Мария Қазақстанды әлемнің ең ірі опера сахналарында зор мақтанышпен таныстырып жүргенін және алдағы уақытта да ел игілігі үшін аянбай қызмет ететінін айтты.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Римге сапары барысында италиялық мәдени ұйымдардың өкілдерімен де кездесті. Министр Қазақстан мен Италия арасындағы байланыс барлық бағытта дамып келе жатқанын және мәдени ынтымақтастық екі ел арасындағы қарым-қатынастың маңызды бөлігіне айналғанын атап өтті.

Министрдің айтуынша, 24–26 қараша аралығында Италияда «Қазақ киносының күндері» өтеді. Онда отандық киногерлердің жаңа туындылары мен классикалық фильмдері көрсетіледі.

Италиялық әріптестермен өткен кездесу барысында креативті индустрия, зергерлік өнер, кино және анимация салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Бірлескен жұмыстың маңызды бағыттарының бірі ретінде сәулет өнеріне де ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар Аида Балаева 1939 жылы құрылған Еуропадағы көне мекемелердің бірі – Орталық реставрация институтына барды. Бұл институт – Италиядағы мәдени мұраны сақтау және қалпына келтіру саласындағы жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарының бірі. Мұнда өнер туындыларын, сәулет ескерткіштері мен археологиялық нысандарды қайта қалпына келтірудің заманауи әдістемелері әзірленеді. Айта кетсек, биыл Италияның Реставрация институты мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі