Қазақстан тәжірибесі — әлемге үлгі: АҚШ және Азия университеттері «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын зерттеуде
Кеше Астанада «Ұлттық қор – Қазақстан балаларына. Инновациялық саясат және жаһандық ықпал ету әлеуеті» атты бірлескен конференция аясында Washington University in St. Louis (АҚШ) және Maqsut Narikbayev University өкілдері өзара кездесу өткізіп, Қазақстанның әлеуметтік-инновациялық бастамаларының тәжірибесін талқылады.
Кездесуге Қазақстан Республикасының Балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева қатысты. Ол өз жазбасында симпозиумның мақсаты – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асқан «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының халықаралық деңгейде талқыланып, ғылыми тұрғыдан зерделенуіне мүмкіндік беру екенін атап өтті.
Вашингтон университетінің Әлеуметтік даму орталығының халықаралық директоры Ли Зоу Қазақстанның бастамасын жоғары бағалады.
Ли Зоудың пікірінше, бұл бағдарлама тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл өңір мен халықаралық қауымдастық үшін маңызды әлеуметтік инновация саналады. Ол сондай-ақ симпозиумның студенттер мен сарапшылар арасындағы тәжірибе алмасуға, білім беру мен зерттеу ынтымақтастығын дамытуға зор мүмкіндік тудырғанын айтты.
Конференция жұмысына Сингапур, АҚШ, Қытай, Моңғолия, Корея және Әзірбайжан елдерінің жетекші университеттерінен келген оннан астам сарапшы мен делегация қатысты.
Жиын қорытындысында қатысушылар Қазақстанның әлеуметтік даму саласындағы тәжірибесін халықаралық зерттеу орталықтарында енгізу мүмкіндіктерін және балалардың әл-ауқатына бағытталған жобаларды жаһандық деңгейде ілгерілету жолдарын талқылады.
Айта кетейік, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған әлеуметтік әділеттілік пен болашақ ұрпаққа инвестиция құюға бағытталған бірегей ұлттық жоба. Оның басты мақсаты – әрбір қазақстандық баланың ел байлығынан үлес алып, лайықты өмір мен даму мүмкіндігіне ие болуы.