Жамбыл облысында биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 522,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді
- author Admin
- 4 қараша, 2025
- 1
Құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, биыл облыс бойынша 765 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жыл басынан бері оның 522,2 мың шаршы метрі ел игілігіне тапсырылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 пайызға артық.
39,7 млрд теңге қаржы есебінен кезекте тұрған 3 805 азаматты әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Әлеуметтік осал топтарға жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алу үшін 21,5 млрд теңгеге 1 415 пәтер алу жоспарланған. Қазіргі уақытта 307 пәтер сатып алынды. 284 пәтер сатып алу конкурсына ұсынылған, ал 824 пәтер бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Алайда сатып алынбаған пәтерлердің көп бөлігі Тараз қаласы, сондай-ақ Сарысу, Талас, Шу және Қордай аудандарына тиесілі.
Талас пен Сарысу аудандарында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс-монтаж жұмыстары небәрі 50–60 пайыз шамасында орындалған.
Осыған байланысты Ербол Қарашөкеев аймақ бойынша пәтер сатып алу қарқынының төмендігін атап өтіп, жоспардың тек 21,7 пайызға орындалғанын сынға алды.
– Тұрғын үй мәселесін шешу – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Егер ұзақ жылдар бойы баспана кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамти алмасақ – бұл үлкен сын, – дей келе облыс әкімі аталған жұмыстарды 2025 жылдың 10 желтоқсанына дейін толық аяқтауды талап етті.
Бұдан бөлек, өңір басшысы жауаптыларға көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жеделдетіп, жұмыстардың сапасы мен талапқа сәйкестігін бақылауды күшейтуді, сатып алу рәсімдерін сәулет-құрылыс нормаларына сай ұйымдастыруды міндеттеді.
Басқосуда «Жасыл белдеу» бағдарламасының іске асырылу барысы да талқыланды.
Мемлекет басшысының «Жасыл белдеу құру» туралы тапсырмасына сәйкес 2021–2025 жылдар аралығында Жамбыл облысында жалпы аумағы 814,6 гектар жерге 970 мың түп ағаш егу жоспарланған.
Соңғы үш жыл ішінде 636 гектар аумаққа 775 мың ағаш егілді.
Биылғы жоспар бойынша 178,6 гектар жерге 195 мың ағаш отырғызу көзделген. Оның 130 мың түбі көктем мезгілінде егілсе, қалған 65 мың түп ағаш күз айларында отырғызылмақ.


