eGov Mobile қосымшасы арқылы қаланы таза ұстауға арналған жаңа мүмкіндік
Қазақстан азаматтары енді өз қалаларының тазалығы мен абаттандырылуына үлес қоса алады — eGov Mobile мобильді қосымшасында «Таза Қазақстан» атты жаңа сервис іске қосылды.
Бұл мүмкіндік әрбір пайдаланушыға смартфон арқылы қоршаған ортаның жай-күйіне қатысты мәселелер туралы хабарлауға жол ашады.
Жаңа сервистің көмегімен азаматтар жолдардың, саябақтардың, кіреберістердің, жарықтандыру нысандарының және қоғамдық не жеке аумақтардың санитарлық жағдайына байланысты проблемаларды фото түрінде тіркеп, жауапты органдарға жолдай алады.
Өтінім түскен соң ақпарат жергілікті атқарушы органның операторына жіберіледі. Ол мәселені санатқа бөліп, орындаушы мекемені тағайындайды. Әр өтінімге байланысты орындау мерзімі автоматты түрде анықталады. Жұмыс аяқталғаннан кейін орындаушы фотосурет пен түсініктеме қоса, кері байланыс ұсынады.
Пайдаланушы өз өтінімдерінің мәртебесін көріп, орындалған жұмыстың сапасына баға бере алады.
Сервис іске қосылғаннан бері азаматтар https://tazaqazaqstan.kz/ сайты мен @TazaQazBot Telegram-боты арқылы 1500-ден астам өтінім қалдырды. Енді бұл мүмкіндік eGov Mobile қосымшасында да қолжетімді болып, өтінім беру үдерісін одан әрі ыңғайлы әрі жедел етеді.
Жаңа функционал Экология министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитеті және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесіп іске асырды.