Мәскеуде «Қазақстан мен Ресей достығы» сквері ашылды
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары аясында Мәскеу қаласында «Қазақстан мен Ресей достығы» скверінің ашылу салтанаты өтті.
Жаңа саябақ Мәскеудің Оңтүстік әкімшілік округінде, «Алма-Атинская» станциясының маңында орналасқан.
Салтанатты іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары Андрей Яцкин, дипломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ Ресей мен Қазақстанның танымал мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.
Іс-шара барысында Аида Балаева Ресей мен Қазақстанды ғасырлар бойы қалыптасқан тату көршілік дәстүрлері мен ортақ рухани құндылықтарға негізделген берік байланыс біріктіретінін айтты. Бұл байланысқа тарихы тереңде жатқан мәдени ынтымақтастықтың үздіксіз дамуы негізгі тірек болып отыр.
Министрдің пікірінше, мәдениет екі ел үшін де ағартушылыққа, ұлттық болмыс пен бірлікке бастайтын «рухани көпірге» айналды. Ол өз сөзінде осы жыл да халықтар арасындағы мәдени және шығармашылық байланыстардың мызғымас дәстүрге және бай мазмұнға ие екенін тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті.
Айта кету керек, биылғы мамыр айында Астанада «Қазақстан мен Ресейдің Мәңгілік достығы» аллеясы ашылған болатын.