Цифрландыру дәуіріндегі кітапхана: дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысы
- author Admin
- Бүгін, 16:27
- 1
Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Салемов, Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай, мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, зиялы қауым өкілдері мен кітапхана қызметкерлері қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Салемов қатысушыларды мерекемен құттықтап, кітапхана саласында еңбек етіп жүрген үздік мамандарға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Жамбыл облысы әкімінің марапаттарын табыстады.
Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай конференцияның құрметті қонақтарын таныстырды. Атап айтқанда, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Құміс Сейітова, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Газиза Нұрғалиева, Маңғыстау облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Зауре Айтуарова және Түркістан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова жиынның қадірлі меймандары болды.
Пленарлық отырыста «Заманауи кітапхана: дамудың перспективалы үлгілері» тақырыбында Құміс Сейітова модераторлық етті. Жанат Шардарбекова «Жаңа буын кітапханаларын жаңғыртудың ерекшеліктері» жайлы баяндама жасады. Ал Дулати университетінің кітапхана-инновациялық орталығының директоры, ҚР ЖОО кітапханалар қауымдастығының президенті Гүлжан Ержанова жоғары білім жүйесіндегі кітапханалардың рөлі мен жаңа талаптар туралы ой бөлісті.
«Кітапхана – зияткерлік элитаның көзі және адам капиталының дамуы» атты сессияны Газиза Нұрғалиева жүргізді. Семей қаласындағы Абай атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Мерей Карт «Еңбек пен шығармашылықтың үйлесімі» тақырыбында баяндама жасады. Ал Алматы қаласындағы Қазақстан жазушылары кітапханасының басшысы Мақпал Мұхаммедова кітапхананы креативті индустрияның бастауы ретінде қарастырды. Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері Қалдыгүл Досмағанбетова кітапханалардың әлеуметтік институттар жүйесіндегі орны мен білім экономикасын қалыптастырудағы рөлін атап өтті.
Конференция бағдарламасында теориялық және тәжірибелік сессиялар, әдістемелік кейс-алаң, кітап көрмелері мен жаңа IT-шешімдердің таныстырылымы қамтылды. Ассара ауылдық кітапханасында секциялық жұмыс жүргізілді. Арт-менеджмент алаңына Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова жетекшілік етті. Қатысушылар «Кітапханалық менеджмент және мамандар ресурсын дамыту» тақырыбында пікір алмасты.
Алматы облыстық орталық кітапханасының директоры Гәлиа Токабаева table talk форматында ұлттық мәдени сұраныстар мен қажеттіліктерді қанағаттандыру бағытындағы тәжірибемен бөлісті. Сонымен қатар, қатысушылар «Кітапхана – білімге бастар жол», «Кітапханалық қызметтегі заманауи тәсілдер», «Кітапхананың ақпараттық функциясы: оқу және тәжірибе» сияқты тақырыптарды талқылады.
Батыс Қазақстан облыстық Ж. Молдағалиев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Нұрлыгүл Сағынова «Кітапхана – шығармашылық пен жаңарудың алаңы» атты әдістемелік кейс барысында өлкетану бағытындағы жұмыстарды, жаңа бастамалар мен зерттеу тәжірибелерін таныстырды.
Конференция соңында қатысушылар мен қонақтар Тараз қаласының тарихи-мәдени нысандарын аралап, экскурсияға қатысты.
Бұл форум кітапхана саласындағы заманауи үрдістер мен инновациялық тәжірибелерді талқылауға арналған кәсіби диалог алаңына айналды.


