Жамбыл облысының туристік әлеуетін арттырған бастамалар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласын ұлттық экономиканы дамытудағы басым бағыттардың бірі ретінде атап, өңірлерде туристік инфрақұрылымды кешенді түрде жетілдіруді тапсырған болатын.
Осы міндетті жүзеге асыру жолында Жамбыл облысында бірқатар маңызды жобалар қолға алынып, аймақтың туристік тартымдылығы артып келеді. Соның ішінде ерекше белсенділік танытып жүрген тұлғалардың бірі – Жамбыл туристік индустрия қауымдастығының төрайымы, «Baiterek Travel Center» және «Каралма» туристік компанияларының директоры Балагүл Махатова.
Балагүл Тахирқызы көп жылдан бері туған өлкенің табиғи байлығын, тарихи-мәдени мұрасын насихаттап, ішкі туризмді жүйелі түрде дамытуға зор үлес қосып келеді. Оның бастамасымен жүзеге асқан айтулы жобалардың бірі – Жуалы ауданындағы «Тобышақты» этноауылы. Бұл этноауыл заманауи демалыс пен ұлттық салт-дәстүрді шебер ұштастырған бірегей туристік нысан болып табылады.
«Тобышақты» этноауылына келген қонақтар киіз үй қалашығында демалып, ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақ халқының мәдениетімен таныса алады. Табиғаты көркем өңірде орналасқан этноауыл жақын болашақта спорттық-туристік аймақ пен заманауи тау-шаңғы базасын дамытуды жоспарлап отыр. Бұл жоба өңірге қосымша инвестиция тартып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етеді.
Балагүл Махатованың айтуынша, ұлттық құндылықтарды дәріптеу — жас ұрпақтың тамыры мен тарихына деген құрметін арттырудың маңызды тетігі. Сондықтан ол туризм арқылы мәдени мұраны сақтап, оны кеңінен насихаттауды басты мақсат ретінде қарастырады.
Сонымен бірге Махатова басқаратын «Baiterek Travel Center» компаниясы 2017 жылы Астанада өткен «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің ресми туроператоры болып, Қазақстандағы үздік туристік фирмалар арасында үшінші орынды иеленді. Көрмеге 28 мыңнан астам адам дәл осы компания арқылы қатысып, ел туризмінің дамуына маңызды үлес қосылды.
Кәсіпкердің пікірінше, туризм – тек экономикалық құрал ғана емес, елдің мәдени және рухани тұтастығын нығайтатын маңызды сала. Бүгінде осындай отаншыл азаматтардың еңбегінің арқасында Жамбыл облысы ішкі туризмді дамыту жөнінен Қазақстандағы әлеуеті жоғары өңірлердің біріне айналып келеді.