Жамбыл облысында бу-газ электр станциясының құрылысы басталды
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қуаты 50 МВт болатын бу-газ электр станциясының капсула салу рәсіміне қатысты.
Салтанатты шараға «Жамбыл Invest: жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары» атты республикалық баспасөз турына келген журналистер де жиналды.
Аталған жоба Жамбыл ауданына қарасты Әулиекөл ауылында «GES Мырзатай» ЖШС бастамасымен жүзеге асырылуда. Инвестицияның жалпы көлемі – 60 млн АҚШ доллары. Жоспар бойынша жоба екі кезеңнен тұрады: бірінші кезеңде қуаты 50 МВт болатын бу-газ электр станциясы салынады, ал екінші кезеңде оның қуаты 150 МВт-қа дейін ұлғайтылады. Нәтижесінде станцияның жалпы қуаттылығы 200 МВт-қа жетеді.
Жоба жетекшісі Хоу Чуаньцюньнің айтуынша, инвестициялық бастама аясында жер телімін рәсімдеу, инженерлік іздестіру, жобалау және тиісті келісу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді.
Қазіргі таңда 7 гектар жер бөлінді. Құрылысты жүзеге асыратын мердігер ұйым таңдалды. Гидрогеологиялық зерттеулер жүргізіліп, 185 метр тереңдікте ұңғыма бұрғыланды. Сондай-ақ газбен жабдықтау бойынша тиісті техникалық шарттар алынды.
Құрылыс жұмыстарына 500-ге жуық адам тартылады, бу-газ электр станциясы толық қуатына шыққанда 80 жаңа жұмыс орны ашылады.
Айта кетейік, Жамбыл облысында жалпы қуаты 1721,3 МВт болатын 24 энергетикалық нысан жұмыс істейді. Олардың ішінде ең ірісі – қуаты 1107 МВт болатын «Жамбыл ГРЭС» кәсіпорны.
2025 жылдың 10 айында өңірде 3,6 млрд кВтсағ электр энергиясы өндіріліп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға артып отыр.