Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметте жобалық басқару: цифрлық тәсілдер арқылы тиімділік арттыру

Облыста мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту және мемлекеттік жобаларды тиімді басқаруды қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Осы орайда өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Гүлпара Ташенова мемлекеттік сектордағы жобалық басқару қағидаларын енгізу және олардың тиімділігі жайлы баяндама жасады.

Гүлпара Алашбайқызының сөзінше, орталық екі негізгі бағытта жұмыс істейді:

  1. Облыстың цифрландыру жобаларын үйлестіру және іске асыру
  2. Мемлекеттік секторда жобалық басқару қағидаларын енгізу және дамыту

Жобалық басқару: цифрлық платформа мен ашықтық

2020 жылдан бері жобалық офис мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдамалардағы жобаларды іске асыруға кірісті. Заманауи тәсілдер мен цифрлық платформаларды пайдалану жобаларды үйлестіру мен бақылауды тиімді етеді, мемлекеттік аппараттың ашықтығын арттырады және сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді.

Жобалық офис құрылымы Ұлттық жобалық офис пен мемлекеттік органдардың жобалық офистерінен тұрады. Қазіргі таңда 287 қызметкер ақпараттық жүйеде жұмыс істеп, өз рөлдеріне сәйкес жобаларды үйлестіру мен бақылауға қатысады. Барлық ұлттық жобалар, мемлекеттік бағдарламалар және Президент тапсырмалары бірегей ақпараттық жүйеде жүргізіледі, бұл жобалардың орындалуын нақты көрсетіп, ашықтықты қамтамасыз етеді.

Нақты жобалар мен нәтижелер

Қазіргі уақытта бес базалық бағыт бойынша 393 жоба іске асырылуда. Мысалы:

  • «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы: 2023-2025 жылдары 7 мектеп салынып, пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта 6 мектеп жұмыс істеп тұр, ал Шөлдаладағы мектеп жылдың соңына дейін ашылады.
  • «Әділетті Қазақстан» сайлауалды бағдарламасы: 83 жоба іске асырылып, оның 39-ы толық аяқталды.
  • 2024 жылғы Президент Жолдауына сәйкес: жалпы 51 жоба жүзеге асырылуда.

Осы жобалар аясында өңірлік инфрақұрылымды дамыту, білім беру және қоғамдық қызметтердің сапасын арттыру жұмыстары белсенді жүргізілуде.

Қызметкерлерді оқыту және халықаралық стандарттар

Мемлекеттік қызметте жобалық басқару қағидаларын енгізу жобаларды үйлестіруді, цифрлық құралдарды қолдануды, нәтижелерді бағалау мен бақылауды жетілдіруге мүмкіндік береді. Орталық қызметшілерді ISO 21502 стандарты бойынша оқыту және сертификаттау жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді: бүгінде 257 қызметкер оқытылды.

Академия алаңында жобалық басқару, тәуекелдерді басқару және ірі деректерді талдау тақырыптарында курстар ұйымдастырылып, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі арттырылуда.

Ашықтық пен тиімділік: цифрлық платформа арқылы

Жобалық басқару тәсілдері мемлекеттік органдар арасындағы коммуникацияны күшейтіп, қызмет көрсету процесін бюрократиядан арылтады. Цифрлық платформа арқылы барлық жобалар ашық бақыланып, мерзімдер, тәуекелдер және өзгерістер нақты реттеледі.

Гүлпара Ташенова атап өткендей, облысымыздың жобалық офисі апта сайын скрам-жиындар өткізіп, мемлекеттік органдардың жобалық көрсеткіштерін талдап, рейтингін қалыптастырады. Бұл тәжірибе өңірлік деңгейде жобалық басқарудың тиімділігін көрсетіп, басқа облыстарға үлгі бола алады.