Жаңалықтар

Шу ауданында жасыл энергетика қарқын алуда

Бүгінде Әулиеата өңірінде энергия өндіру саласы қарқынды дамып келеді. Соның жарқын дәлелі – Жуалы ауданындағы «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» күн электр стансалары, сондай-ақ Шу ауданында іске қосылған «ШУ–100 мегаватт» күн электр стансасы. Бұл нысандар өңірдің баламалы энергия саласындағы әлеуетін айқын көрсетіп отыр.

Шу ауданындағы жаңа күн электр стансасын француздық «Total Eren» компаниясы жүзеге асыруда. «M-Kat Green» ЖШС-нің бас директоры Илья Чернодаровтың айтуынша, мұндағы күн панельдері 25 жылға дейін үздіксіз жұмыс істей алады. Оның айтуынша, жобаның Шу ауданында орналасуының екі басты себебі бар: күн радиациясының жоғары болуы және «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының орналасуы. Арнайы экономикалық аймақ толық қуатында жұмыс істегенде электр энергиясына деген сұраныс арта түседі. Сондықтан бұл жоба аймақ үшін де, инвестор үшін де тиімді.

Жобаның жалпы құны – 60 миллиард теңге. Құрылыс жұмыстарын Жуалыдағы күн электр стансасын салған «METKA-EGN.KZ» компаниясы жүргізді. Станса толық қуатына шыққанда облыстағы энергия тапшылығы айтарлықтай азаяды. Алдағы уақытта стансада 10 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Олар арнайы оқытылып, салалық білімін жетілдіруге мүмкіндік алады.

«ШУ–100 мегаватт» КЭС қоршаған ортаға зиянды қалдық шығармай жұмыс істейді. Өндірілген қуат толығымен «KEGOC» АҚ-ына сатылып, еліміздің бірыңғай электр жүйесіне қосылады. Бұл болашақта өңірдегі энергия бағасының төмендеуіне де оң әсер етуі мүмкін.

Шу ауданында баламалы энергия тек күн стансасымен шектелмейді. 2013 жылы «АТ-Энерго» ЖШС Тасөткел су қоймасы маңында су электр стансасын іске қосқан болатын. Қазіргі таңда серіктестік оның екінші жобасын жүзеге асырып жатыр. Жұмыс істеп тұрған СЭС сағатына 2,2 мегаватт қуат өндіреді. Ал салынып жатқан нысан өз өнімін «KEGOC»-қа өткізеді. Компания директоры Саид Ахаев үшінші су электр стансасының құрылысын бастау жоспарда бар екенін айтты.

Сонымен қатар Шоқпар ауылдық округінде тәулігіне 110 мегаватт өндіретін жел электр стансасын салу жобасы қарастырылуда. «WINDHAN» ЖШС тариф пен қаржыландыру мәселелері түбегейлі шешілсе, құрылыс жұмыстары бірден басталатынын хабарлады. Жобаның құны 71,5 миллиард теңгеден асады, іске қосылған кезде кемінде 10 жаңа жұмыс орны ашылады. Құрылысқа аудан әкімдігі 155,8 гектар жер бөліп отыр.

Бұл нысандар іске қосылғанда аудан экономикасы жаңа серпін алып, бюджет кірісі артып, жаңа жұмыс орындары құрылады. Сонымен қатар экологиялық жағдай жақсарып, өнеркәсіп пен инфрақұрылым саласы дами түспек.

Президенттің 2050 жылға қарай энергияның 50 пайызын баламалы көздерден өндіру туралы тапсырмасын орындау мақсатында облыста ауқымды жобалар жүзеге асуда. Облыс орталығы тәулігіне 50–60 мегаватт, аудандар шамамен 90 мегаватт электр тұтынатынын ескерсек, Шу ауданындағы жаңа күн және су электр стансаларының іске қосылуы еліміздегі энергия тапшылығын айтарлықтай төмендетеді деп күтілуде.