Жаңалықтар

Балаларды есірткіден қалай қорғаймыз: ата-аналарға қауіп белгілерін тану жолдары түсіндірілді

Астанадағы International Steppe School мектебінде жаңа, интерактивті форматта ата-аналар жиналысы өтті. Жиналыстың басты тақырыбы — балалар мен жастарды есірткіден қорғау болды.

Жиналыс ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті мен Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің бірлескен жұмысы аясында ұйымдастырылды.

Бұл жиында ресми баяндаманың орнына ашық диалог болды, құрғақ статистика орнына нақты мысалдар келтірілді. Сонымен қатар ата-аналар мен жасөспірімдерге төніп тұрған нақты қауіптер туралы ашық әңгіме өрбіді.

Жиналыс барысында мамандар төмендегілерді егжей-тегжейлі түсіндірді:
Кәмелетке толмағандарды заңсыз есірткі айналымына тартудың қазіргі әдістері;
Есірткі қолданудың сыртқы және мінез-құлыққа тән белгілері;
Ата-аналарға дер кезінде балаларға көмек көрсетудің маңызы.

Жиналыста ата-аналарды "тест әр үйге" профилактикалық форматы ерекше қызықтырды. Оларға бұл тексеруді өз бетімен, жылдам және қолжетімді түрде жүргізуге болатыны тәжірибе жүзінде көрсетілді. Бұл құрал профилактиканың негізі — отбасынан басталатынын айқын көрсетті.

Негізгі бөлімнен кейін зал бірден тарамады. Ата-аналар белсенді сұрақ қойып, жеке бақылаулары мен қиын жағдайларды талқылады, сонымен қатар профилактикалық жұмысты күшейтуге өз ұсыныстарын айтты.

Тиімді профилактика — қорқыту немесе формалды есеп емес. Бұл — сенім, ақпараттандыру және ортақ жауапкершілік.

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті осындай форматтарды әрі қарай да дамытуды жоспарлап отыр. Жиналыстар тек елордада емес, еліміздің барлық өңірінде өткізіледі.