БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Экономикалық өсім 109,4 пайызға жетті: өңір дамуының жаңа қарқыны

Экономикалық өсім 109,4 пайызға жетті: өңір дамуының жаңа қарқыны
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері соңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай жақсарды.

Биылғы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қысқамерзімді экономикалық өсім 109,4 пайызды құрап, негізгі салалардың барлығында дерлік оң динамика қалыптасты. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі 16 пайызға, ауыл шаруашылығы 1,4 пайызға, құрылыс жұмыстары 20,4 пайызға, тұрғын үйді пайдалануға беру 1,1 пайызға, сауда көлемі 0,2 пайызға, көлік саласы 2,9 пайызға, байланыс қызметтері 9,5 пайызға өсті. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі бірден 33,1 пайызға артты.

Өнеркәсіп саласында жыл басынан бері 1,2 триллион теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 10,9 пайызды құрады. Оның 62,1 пайызы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Бұл секторға 203,8 миллиард теңге инвестиция тартылып, өңделген өнім экспорты 1,5 есеге ұлғайды. Инвестиция көлемі бойынша өңір республикада көшбасшы бестікке еніп, өсу қарқыны жағынан үшінші орынға тұрақтады. Жалпы облыс экономикасына 599,2 миллиард теңге инвестиция тартылып, оның 82 пайызы жеке қаражат есебінен қамтамасыз етілді.

Инвестициялық белсенділік нақты жобалар арқылы көрініс табуда. 2029 жылға дейін іске асырылатын, 8,3 мың жұмыс орнын құруды көздейтін, жалпы құны 4,1 триллион теңге болатын 62 жобадан тұратын инвестициялық портфель қалыптастырылған. Оның ішінде шетелдік инвесторлар қатысатын ірі өндірістік жобалар бар. Тек осы жобалардың өзінен өңір экономикасына 3,8 триллион теңгеге жуық инвестиция тарту күтіледі. Жобалардың басым бөлігі арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда орналасып, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек.

Шағын және орта бизнес те тұрақты дамып келеді. 32,5 мың кәсіпкерге 289,8 миллиард теңге несие беріліп, мемлекеттік бағдарламалар аясында 1218 жоба іске асырылды. Нәтижесінде, ШОБ өнім көлемі 18,1 пайызға өсіп, жұмыспен қамтылғандар саны 165,4 мың адамға жетті. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 485,4 миллиард теңгені құрап, егін және мал шаруашылығы бойынша негізгі көрсеткіштер артты. Экспорт көлемі 888,7 мың тоннаға жетіп, оның ішінде пияз экспорты бойынша өңір республикада көш бастады.

Инфрақұрылым, тұрғын үй, жол, жылу жүйелері мен әлеуметтік салада да ауқымды жұмыстар атқарылды. Жыл басынан бері 642,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, ондаған әлеуметтік нысан салынды және жөндеуден өтті. Нәтижесінде, жаңа жұмыс орындары құрылып, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға дейін төмендеді. Экономикалық өсімнің 109,4 пайызға жетуі - өңірде жүргізіліп жатқан жүйелі саясат пен нақты жобалардың нәтижесі екенінің айқын көрінісі.

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар