Жаңалықтар

Цифрландыру мен STEM-білімнің нәтижесі: қазақстандық оқушылар робототехникада әлемдік рекорд орнатты

Қазақстандық мектеп оқушылары цифрландыру мен инженерлік білімді дамыту бағытының нақты нәтижесін тағы бір мәрте дәлелдеді. 2025 жылдың қараша айында олар FIRST Global Challenge чемпионатында төртінші жыл қатарынан жеңіске жетіп, 190 елдің командаларын артта қалдырды. Бұл - жарыс тарихында бұрын-соңды болмаған бірегей көрсеткіш.

Жетістік елімізде цифрлық дағдыларды, робототехника мен бағдарламалауды жүйелі түрде дамыту саясатының жемісі саналады. Команданы дайындаумен айналысатын USTEM Foundation қоры оқушыларға тек техника құрастыруды емес, алгоритмдік ойлау, командалық жұмыс, жобалық басқару және жасанды интеллект элементтерін қолдануды үйретіп келеді. Қордың тең құрылтайшысы әрі ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Асылбек Мурзахметов айтуынша, әлемде бірде-бір ел төрт жыл қатарынан чемпион атанбаған.

Маңыздысы – әр чемпионатқа жаңа құрам қатысады. Бұл тәсіл мүмкіндігінше көп баланы цифрлық ортаға тартуға мүмкіндік беріп, соңғы төрт жылда 30 қазақстандық оқушының әлем чемпионы атануына жол ашты. Оқушыларға жарыс барысында барлық елдерге бірдей техникалық жиынтық беріледі, яғни жеңіс технологиялық артықшылықпен емес, білім, логика және бағдарламалау сапасымен анықталады.

Чемпионат тапсырмалары да цифрландырудың жаһандық күн тәртібімен үндес. Соңғы жылдары оқушылар роботтар арқылы азық-түлік қауіпсіздігі мен экология мәселелерін шешуге бағытталған инженерлік шешімдер ұсынды. Қазақстандық команданың жеңісіне экожүйелердің қалпына келуіне кедергі келтіретін факторларды жоятын, сенімді әрі практикалық робот себеп болды.

Бұл жетістіктер елде STEM-инфрақұрылымының дамып келе жатқанын көрсетеді. Соған қарамастан, мамандар мұғалімдер мен жаттықтырушылар тапшылығы әлі де өзекті мәселе екенін атап өтеді. Осы бағытта USTEM Foundation өңірлерде тегін іріктеу турнирлерін өткізіп, ауыл мектептерін де цифрлық білім беру жүйесіне тартуда.

Робототехника - болашақ экономиканың негізі. Сарапшылардың пікірінше, дәл осындай жобалар арқылы Қазақстан адами капиталды дамытып, цифрландыруға негізделген жаңа индустрияларды қалыптастыра алады. Қазақстандық оқушылардың әлемдік аренадағы рекорды - елдің технологиялық болашағына салынған сенімді инвестицияның айқын дәлелі.