Жаңалықтар

Жуалы ауданында инфрақұрылым толық жаңғырды: газ бен ауыз су – 100%

2025 жылы Жуалы ауданы тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылды. Жыл қорытындысы бойынша аудан аумағындағы барлық 49 елді мекен табиғи газ және орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтылды.

Табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілді. 2022–2023 жылдары Қошқарата, Қаратас, Қызтоған, Ақтасты және Рысбек батыр ауылдарына газ құбыры тартылып, пайдалануға берілді. 2024 жылы Қарабастау мен Жылыбұлақ ауылдарында, ал 2025 жылы Дарбаза және Әбдіқадыр ауылдарында кварталішілік газ желілерінің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде 314 аула немесе 1626 тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Осылайша аудан елді мекендері толықтай газдандырылды.

Ауыз сумен қамту мәселесі де түбегейлі шешімін тапты. Қазіргі таңда ауданның барлық 49 елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Бұған дейін тозу деңгейі жоғары елді мекендерде су желілерін жаңғырту жұмыстары жоспарлы түрде атқарылды. Бүгінде 8 267 абонент су жүйесіне тіркелген, олардың 5 895-іне су есептегіштер орнатылған.

Әсіресе, бұрын ауыз су тапшылығы өзекті болған Күреңбел ауылдық округінде мәселе толық шешілді. 2025 жылы мұнда 43 шақырым су құбыры тартылып, 394 аула таза ауыз сумен қамтылды. Сонымен қатар Түктібай, Ақтөбе, Қарасу, Көктас, Күркіреу және Амансай ауылдарындағы су станциялары қайта жаңғыртылды.

Жалпы алғанда, 2025 жыл Жуалы ауданы үшін инфрақұрылымды дамытуда маңызды кезең болды. Табиғи газ бен сапалы ауыз суға толық қол жеткізу аудан тұрғындарының өмір сапасын арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берді.